10 Август 2011 – 18:58 | 40 пікір

Құрметті ИНФОРМАТИКТЕР!
Cайтымыз сіздердің арқаларыңызда, аз уақытта Қазақстандағы ең танымал сайттардың біріне айналып келеді. Кейбір қазақ тілді сайттар өз контенттерін біздің сайтқа қарап өзгертіп қолданушыларын да көбейтті. Біздің үлгімізбен біршама жаңа сайттар ашылды. Соған қарағанда Информатик …

Толығырақ »
Информатика

Бәрі информатикаға байланысты

Педагогика

Тәлім-тәрбиеге байланысты материалдар

Басқа пәндер

Ұстаздар шығармашылығы

Оқушылар шығармашылығы

Басты бет » Қазақ тілі мен Әдебиеті

Жайықтан шыққан жайсаң жан (зерттеу).

Опубликовал ASYLZADA в 4 Май 2012 – 08:28Пікір жоқ
Бұл мақала 87 рет оқылды, 4 рет бүгін

Халелова Асылзада Бадленқызы. Батыс Қазақстан инженерлік-технологиялық колледжі.

(Ж. Молдағалиев туралы)
Текті ғана тартып туар негізге.
Жұбан - Жайық! Ұқсаттым мен егізге.
Жұбан жырын санамызға сіңірсек,
Жайық барып құйып жатыр теңізге.

Орал таудан бастау алса Жайығым,
Жұбан ақын өрге салды қайығын.
Бір-бірінен айнымайды қос алып,
Алып деген екеуіне сай ұғым,-
деп Айтқали Нәріков ағамыз жырлағандай, дархан дарын иесі ақиық ақын Жұбан Молдағалиевтың Ақ Жайық өңірінде есімі ерекше құрметті.

Қоңыр сазды қазақтың қара өлеңінің қазынасын молайтуға өзге де  ұлттық сөз үлгілерімен қатар біздің бүгінгі әдебиетімізде Жұбан Молдағалиевтың өлеңдерінсіз елестету мүмкін емес. Дүбірлі дәуір шындығын шынайы шабытпен ентікпей еркін көсіле жырлап өткеннің бірегейі де өзі. Ж.Молдағалиев поэзиясының ең басты стильдік ерекшелігі де - өршіл рух, өз халқын, туған жерін жан тәнімен сүю. Бұл қасиет оның жырларында бетке теуіп білінбей, дараланбай бүкіл өлеңдерінің өн бойында сіңісіп кеткен. Оның қаламынан туған сырлы да сазды лирикалық, философиялық, ойлы да отты романтикалық, публицистикалық сарынды әрқилы тақырыпқа жазылған көптеген өрнекті өлеңдері мен поэмалары, дастандары соның куәсі.

Қай ақынның болмасын түп қазығы – туған жері. Поэзияға жақындық та, асқар ақындық та туған жерден басталады. Бүкіл Отан туған жердің топырағын басып, қаз тұрған алғаш қадамынан басталмай ма?

Жұбан ағамызда туған жерін тебірене, төгіле жырлаған өлеңі көптеп кездеседі. Мұндай өлеңдерде ақын - нәзік лирик, сыршыл суреткер.
Жерлестер ғажап зиялы,
Өнер мен білім дос екен.
Құдіретті поэзияны
Сүйетін бір жер- осы екен,-.
дей келіп:
Саған мен дәйім баламын,
Ана деп сені айтамын.
Жаяулап қалса қаламым,
Жыр мініп сенен қайтамын,-
деп жырлайды.

«Ақ Жайық», «Бұлақ», «Жаңалық» өлеңдерінде ауыл өмірінің реалды суреттеріне негізделген ойшылдық пен сыршыл сезім әсерлері бар. Қыстың сықырлаған сары аяздарында будақтап көкке тарап жатқан ауыл түтіндерінен ақын ауылдық отынның күшін таниды. Қыстан қысылмай  көтеріле будақтаған көңілді түтіннің кейпінде ақынның романтикалық көңіл күйі де жоқ емес. Көк тастың арасынан шығып жатқан, қыста қатпайтын бұлақ суын ақын елінің сарқылмас байлығындай көреді. Туған жерінің жарқын табиғатын бейнелеу арқылы оған деген қимас сезімін білдіреді. «Ауыл түтіні», «Туған жерде тағы да», «Жазғытұры», «Дала» өлеңдерінде өскен өлкенің тіршілік табиғатын нәзік сезіммен, дархан дарынымен жырлап, «Орал туралы ойлардан», «Өлкем жайлы ойлардан» өлеңдерінде туған даланың тарихын тармақтай келе:

Қанатын менен тіпті тіле құстың,
Жалықпай сені мәңгі толғасам да.
Туған ел, өз бауырыңда түлеп ұштым
Жырлаймын, атақты ақын болмасам да,-
деп туған жер өзінің мәңгілік жыры екенін айтады.

Міне, осы арқылы Жұбан лирикаларындағы бауырмалдық сезім, шырқау биіктігі жалынды от екенін көреміз. Жұбан туған жерді сүюді жалаң жершілдік тұрғысында емес, адам бойындағы сүю сезімінің көрінісі есебінде ақын патриоттық идеяға көтереді. Жұбан «Жағаңда тұрмын, Жайығым» атты өлеңінде :

Жұбаным деші, Жайығым,
Жасықсың деме жас тамса.
Туған жер қайдан жай ұғым,
Отан да содан басталса,-
дейді.  Міне, туған жерді аялаудан оны қадірлеуден кең байтақ Қазақстанға деген сүйіспеншілік, ардақтау сезімі келіп тумай ма?

Жұбанның жырларындағы өршіл рух сонау балаң кезі соғыс жырларындағы өлеңдерімен айқын көрінеді. Мысалы: «Солдат сыры» өлеңінде Отаншылдық пен жастық сезімдер жылы сыршылдық лепке бөленген.

Жұбанның Ұлы Отан соғысында майданда жүріп жазған өлеңдерінде жауынгердің патриоттық ар намысы, жауға деген өшпенділік ой, ызасы жазылған «Батыр туралы баллада» да:

Жатқанда Отан жері отқа жанып,
Тұрғанда туысқандар жауда қалып.
Жеңбесек, жойқын қайрат шығармасақ,
Жігіттің неге жүрміз атын алып,-
деп ұран тастайды. Жауынгердің жігерін тасытады. Осы төрт жолдар арқылы отаншылдық, патриоттық сезімнің айқын бір көрінісін білдіреді. Жарты әлемді аралап қайтқан солдаттың елге деген сағынышы, азаматтық қасиеті, сонымен қатар «Сағындым Жайық», «Ән», «Шығыста туған елім бар», «Туған елді жырлаймын», «Менің халқым» өлеңдерінде елге сағынышын тербеген ақынның жан толғанысы байқалады.

Жұбан - халықтар достығы тақырыбын тұтас бір цикл күйінде кеңірек, нақтырақ жырлаған ақын. Өзбекстан, Қырғызстан, Татарстан, Тәжікстан сапарлары ақынға көп мәлімет берген. Осы сапарда туған өлеңдерінде ақын өмір поэзиясын дәл басып бейнелеуге көтеріле алған. Әсіресе, «Біз Қазанға барғанда» циклі және Монғолияға, Үндістанға барған сапарында туған өлеңдерінің орны ерекше. Сонымен қатар ақынның халықтар достығы тақырыбында жазылған өлеңдерінде уақыт талабына сай сергектік айрықша білінеді және де бәрі де бір-бірінен асып түседі. Мысалға алып қарасақ, «Дели дәмі», «Керала гүлдері», «Бомбей түні», «Домбыра гимн ойнайды», «Сәлем саған Самарқанд».

Ақын шығармашылығының өміршеңдігі дегеніміз осындай болса керек-ті. Жұбан Молдағалиевты Одаққа кеңінен танытқан шығармасы - оның «Жыр туралы жыр» поэмасы.

Шығарманың кейіпкері Ұлы Отан соғысы кезінде жау қолына түскен татардың белгілі ақыны, қапаста жазылған әйгілі «Моабит дәптерінің» авторы – Мұса Жәлел. Ақын шығармасында Мұсаның өмір жолын түгел қамтуды мақсат етпеген, оның өмірінің соңғы кезеңін суреттеген. Поэмада ақынды арандатпақ болған фашист жендеттерінің әр қилы айла, шарғысынан ештеңе шықпайды. Ақынның Отан деп соққан жүрегін ештеңе қобалжыта алмайды. Қаншама азап, қинау оны мұқатқан жоқ. Өлім мен өмір арпалысқан кезде ақынның көз алдына бейбіт жылдардағы Еділдің бұйра толқындары, туған жердің саф ауасын мейірлене жұтқан кездері көз алдына келеді, туған ел өз ұлын ұмытпайтындығына сенеді.Поэмада бұрын- соңды кездеспеген тың теңеулер молынан кездеседі. Әсіресе,

Бұрауы біткен сағаттай,
Самарқау соғып тұр жүрек,-
деген теңеуі ақынның тапқырлығы, шеберлігі еді.

Туған жер - ақын үшін Отан деген ұғым.
Туған жерді анам демей не дейін!
Туған елді панам демей не дейін!
Сол арқылы асқақ менің ән-жырым,
Сол арқылы биік менің мерейім,-
деп ақын көсіле жырлайды.

Міне, осы орайда Жұбан ағамыздың «Мен-қазақпын!» поэмасы өз кезі үшін маңызы ерекше болғанын атап өту орынды. Қазақ халқының жер бетінен жойылып кету қаупінің нышандары белгі бере бастаған кезде, самсаған ақындардың ішінен суырылып шығып, «Мен-қазақпын!» деп саңқылдап, өр дауыспен үн қатуы ақындық, азаматтық ерлікке барабар еді.

«Мен-қазақпын!» поэмасы халқымыздың ұлттық сана-сезімін оятуға, өзіне деген сенімін арттыруға, өз-өзіне құрметпен қарауға, отаншылдықты нығайтуға баға жетпес үлес қосты. Дастанда ақын халқымыздың бүгінге дейінгі жүріп өткен жолдарына,  тарихи бел-белестеріне өз уақытының талабына сәйкес шолу жасайды. Соншама алмағайып сыннан, тарихтың талай тар қыспағынан азап шегіп өткеннен кейін, қазіргісін бағамдап:

Мен – қазақпын, биікпін, байтақ елмін,
Қайта тудым, өмірге қайта келдім.
Мен мың да бір тірілдім мәңгі өлмеске,
Айта бергім келеді, айта бергім,-
деген жолдардың әр тарау сайын қайталануы ерекше бір күш-жігер береді. Бұл поэмада қазақ халқының тілі, дәстүрі, әдет-ғұрпы кеңінен сөз болады. Ақын:

Мен - Жамбылмын, жаугер жыр ол тілеген,
Қазған ормын дұшпанға ентелеген.
Мен – Москва қорғаны, жиырма сегіз,
Мен - Әлия, мен – Мәншүк, мен – Төлеген,-
деп қазақ халқының батыр ұл, қыздарын мақтаныш етеді.

Әрі қарай:

Ұлы аманат етейік ер кіндікті,
Ел құлдықты білмесін, жер күңдікті.
Аңсаймын мен, сенемін, туады ертең,
Қазақ болу – зор бақыт дер күн тіпті,-
міне, ерлік, міне, тәуелсіздікті, егемендікті аңсау, бұлай деп Жұбан ақын 1964 жылы, яғни, бостандық туының тігілуінен 30 жылға жуық бұрын айтып аңсады, келесі ұрпаққа аманат етіп тапсырды.

Сол ұрпақ араға 20 жыл тастап,  1986 жылы бостандық туын көтерді, нәтижесінде арманына жетті, жеңіске жетті, ел тәуелсіздігіне ие болды.

Жұбанды ақын еткен де, батыр еткен де – далаға, туған жерге, елге, Отанға деген махаббаты. 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы кезінде сол тұстағы басшылықтың алдында айбынбай, темір тәртіптен тайынбай, жастарға жаны ашыған, темір тізгінге қарсылығын ашына айтқан Азамат – отансүйгіш осы Жұбан Молдағалиев болатын.Төбе шашыңды тік тұрғызып, миыңды жаншып өткен сол бір қанды оқиға, сол бір қатыгез күндер бұғауына түсіп ботадай боздап, қапыда қиналған жазықсыз жастардың елдікті аңсаған үні жүректерде мәңгі жатталып қалса, сол азаттық үшін қара бұлтты «бір ауыз сөзімен, жалынды жырымен» қақ жарып, әділетсіздіктің бұғауын бұзып өткен Жұбан ақынның азаматтық ерлігі халқының жүрегінде сақталады!

Ақын туған даласын жырлағанда, ағыл-тегіл ақтарылып, түйдектеп, тасқындап кетеді. Дала туралы тың теңеулер мен суреттеулер ақынның, халықтың поэзиялық тілін қаншалықты мол білетінін көрсетіп қана қоймайды, оның туған даласына деген шексіз сүйіспеншілігі, өшпес махаббатын да аңғартады.

Ой қой, қой дала, ой дала
Шой қара дала, шой дала…
Пай, пай, пай, дала, пай дала
Тарланбоз дала, тай дала.
Масайра дала, май дала
Аруана дала, ай дала!..
Теке жел, тентек мүйізден,
Дала деу – қазақ дегендей
Қазақтың сенсіз бір аты…
деп,  қазақты далаға, даланы қазаққа балау арқылы өз халқының дархандығын, жан дүниесінің кеңдігі мен байлығын көрсетеді, әр түрлі әдеби теңеулерді молынан шебер қолданады.

Сүйемін, сені, Ақ Жайық,
Жағаңда жанмын жаралған.
Егін, ну, жасыл бидайық,
Далам да сенен нәр алған,
Немесе:
Өлеңтінің қармақ тартқан қай жері,
Сайқұдықтың сарымсаққа бай жері.
Көңілімнің көзі алдында бәрі де,
Киікоты жұпарланған сай желі.
Туған ауыл, туған жер-ай, далам-ай,
Балаша мәз, байсалдысың данадай,
Сенше түлеп, сенше өзгерсем арман не!
Тек өзіңнен мені бөлек санама!

Осындай  ыстық леп, туған жері туралы толғану - Жұбан шығармаларына тән қасиет.

Отты жырдың сәулесі ешқашан өшпейді, шырағы сөнбейді. Сөндірмейтін халқы мен отын үрлейтін ұл-қыздары бар. Ендеше, елім деп еңіреп туып, еңіреп өткен ақынның асыл арманы болған көк байрағы зеңгір аспанға талас ұрып, желбіреп тұрғанда, Жұбан ақынның жырлары да сол тудың астында мәңгі бірге тербеле бермек.

Өсер ұрпағы әлі талай «Мен-қазақпын» поэмасын тұмар ғып қастерлеп, көкейге түйіп, жаттап өспек. Сағыныш сазына айналған туған өлкесінің кешегі ерке ұлы, бүгінгі ардақты азаматы – Жұбан ақын нұрға малынған жасыл Жайығының тек төрінде, көгінде ешқашан ұмытылмай, жұлдыздай жарқырай түспек, Ұрпағы мақтанып, Ақ Жайық – Жұбан ақынның елі, жері демек.Жылдар зымырап өтсе де, аруағыңа бас иген асыл халқың өзіңді аңсай береді, өз жүрекжарды өлеңдерін арнай береді. Мұнайдар Баймолда ақын айтқандай::

Асқақ рухтың, асыл тектің еркімен,
Жұбан еді ол,қара бұлтты серпіген.
Сондықтан да мың, миллион жыл өтсін,
Қазақ болам қара жерге беркіген.
Мен қазақпын, қара, қара көзіме,
Мен қазақпын, қара, дара сөзіме.
Мен қазақпын, қала берем осылай,
Қанша салсаң, сонша тағдыр тезіне.

«Ақын боп қаламын өлгенде де» өзі жырлағандай, Жайықтан шыққан Жұбан ағамыздың өміршең өлеңі мен аласармас тұлғасына тәнтті болып, біз қашанда мақтаныш тұтамыз.

Ұқсас тақырыптар:

Оставьте комментарий

Добавьте комментарий ниже или обратную ссылку со своего сайта. Вы можете также подписаться на эти комментарии по RSS.

Всего хорошего. Не мусорите. Будьте в топе. Не спамьте.

Вы можете использовать коды HTML:
<a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>

На сайте используются Gravatar. Чтобы его получить зарегистрируйтесь Gravatar.