10 Август 2011 – 18:58 | 40 пікір

Құрметті ИНФОРМАТИКТЕР!
Cайтымыз сіздердің арқаларыңызда, аз уақытта Қазақстандағы ең танымал сайттардың біріне айналып келеді. Кейбір қазақ тілді сайттар өз контенттерін біздің сайтқа қарап өзгертіп қолданушыларын да көбейтті. Біздің үлгімізбен біршама жаңа сайттар ашылды. Соған қарағанда Информатик …

Толығырақ »
Информатика

Бәрі информатикаға байланысты

Педагогика

Тәлім-тәрбиеге байланысты материалдар

Басқа пәндер

Ұстаздар шығармашылығы

Оқушылар шығармашылығы

Басты бет » Қазақ тілі мен Әдебиеті, Ұстаздар шығармашылығы

ҚАЗАҚ АСПАНЫНДАҒЫ ЕРЛІК ПЕН ЕЛДІКТІҢ ЖАРЫҚ ЖҰЛДЫЗЫ.

Опубликовал inust в 4 Май 2012 – 13:10Пікір жоқ
Бұл мақала 103 рет оқылды, 1 рет бүгін

Халелова Асылзада Бадленқызы. Батыс Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінің инженерлік-технологиялық колледжі

Жер асты қозғалыстарының әлдебір сиқыр құдіретімен ғайыптан пайда болып, кейін байтақ әлемнің төрінде мәңгі-бақи орнап қалатын ақар-шақар асқар шыңдар сияқты, адамзат алдындағы қадір-қасиеті тек бір ғана ғұмырдың ауқымымен өлшенбейтін елден ерек ерекше тұлғалар пенделер арасынан арагідік ұшырасып жатады. Солардың бірі – дауылпаз ақын, қазақ халқы үшін отқа да, суға да түскен есіл ер, даңқты батыр, көтеріліс сардары Махамбет Өтемісұлы.

М. Өтемісұлы - ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің мәртебесін биіктетіп, абыройын асқақтатқан аса талантты тұлға. Ол ұлы даланың өр мінезді перзенті, батырлық пен ақындықты, қайсар рух пен зорлыққа қарсы үн көтеріп, азаттық, бостандық, теңдік туын желбіретті, әділетсіздікке қарсы өліспей беріспеу идеясының нағыз жаршысы ретінде бағаланды.

Табиғат бір Махамбеттің басына батырлықты да, ақындықты да аямай бере салған. Есіл ер қарсыласқан жауымен сарт та сұрт айқасып қалғанда найзасымен іліп түскен, тілімен тіліп түскен, семсерімен ойып жіберген, сөзімен сойып жіберген. Махамбет өзгеде жоқ та, өзінде ғана бар осы құдіретті қасиетімен батырлар тарихында да, ақындар тарихында да жарық жұлдыздай жарқырап жеке тұратын теңдесі жоқ дара да дана тұлға! [1]

Махамбет поэзиясы ерлік, батырлық поэзиямыздың заңды жалғасы, барынша мықты дамыған түрі деуіміз керек. Махамбет ақындығы - жорық үстінде, ат жалында, күрес, майдан сахнасында өскен, шыныққан, күшейген ақындық.

Анықтап қарасақ, Махамбет жетіскеннен ақын болайын демеген секілді. «Қара қазан, сары баланың қамы үшін» қолына қалам немесе домбыра алмай, найза мен қылыш ұстап, «мұздай темір құрсанып», «Қу толағай жастанып», «Садағына сары шіркей үймелеп», «түн қатып жүріп түс қашқан» жағдайда іштегі ызасы мен кегін, өксігі мен арманын айту үшін амалсыз ақын болған секілді көрінеді.  Ол өлеңді «бес қарудың бірі» - деп ұғады.

Махамбет жырлары түгелдей Исатай Тайманов бастаған халық көтерілісі (1836-1837) тарихымен тығыз байланысты екені мәлім. Сырт қарағанда, Жәңгір ханның үстемдігіне қарсы ұйымдастырылған сияқты көрінгенімен, бұл көтеріліс, түптеп келгенде, патшаның отарлаушылық саясатына қарсы бағытталған болатын. Оны кезінде Халел Досмұханбетов ашық айтқан: «Қазақтың хандығы ресми түрде ХІХ ғасырдың ортасына дейін созылса да, шынында Әбілхайырдан бастап қазақ хандары патша үкіметінің қолында ойыншық болды. Сондықтан  1731 жылдан бергі Кіші жүздің ханға болсын, сұлтандарға болсын, орысқа болсын көтерілістерінің бәрін патша үкіметіне қарсы көтерілістер деп атау керек» деп жазған ол.

Махамбет жырлары – осы көтерілістің үні, ұраны. Ол - сөзсіз қазақ әдебиетіндегі отаршылдыққа қарсы күрес жырларының ең жарқын беттері.     Махамбет трагедиясы - дәл сол замандағы қазақ трагедиясы, бодандық, бағынышты қайрансыздық, елдің бақытсыздық поэзиясы.

Мұнда көтерілістің мақсат-мұраты, оған араласатын ерлердің қандай болуы керектігі, соғыс суреттері, Исатайдың батырлығы оны жоқтауға арналған жырлар, ақынның өз жайы, көңіл-күйіне байланысты өлеңдер жалғасып, көтеріліс тарихын тұтас күйінде көркем бейнелейді. Махамбет ақын ғана емес, көтерілісті бірге ұйымдастырысқан, жорықта ірі қайрат көрсеткен Исатайдың серігі, атақты батыр. Ол - ат үстінде туған жауынгер жырларымен күрескерлерге рух берген, тыңдаушысын қыздырып, еліктіріп алып кете алатын өнер иесі.

Махамбет ой толғап, ақылгөйсіп отыратын мезгілдің өтіп кеткенін, ендігі іске күрес адамы, нағыз ер керектігін жария етті. Ондай ерлердің «ереуіл атқа ер салмай, егеулі найза қолға алмай, еңку-еңку жер шалмай…, тебінгі терге шірімей, терлігі майдай ерімей» ісі бітпейтінін айтады. Исатай екеуі бастаған көтерілістің ауырлығын түсінген ол жұртты тік көтеріп, «біздің бүйткен бұл іске», «толарсақтан саз кешіп, тоқтамай тартып шығатын, Қас үлектен туған қатепті қара нар керек, қабырғасын қаусатып, бір-біріндеп сөксе де, қабағын шытпас ер керек» деп ұрандады. Заман мен адам арасындағы қайшылықты тек күреспен шешуге болады деп пайымдады. Елге теңдік әперу, азаттыққа, еркіндікке қол жеткізу – оның арманы болды. «Еділдің бойы ен тоғай, Ел қондырсам деп едім, Жағалай жатқан сол елге мал толтырсам деп едім» деген жолдар оның күрескерлік мұратын танытады. Ол халыққа қызмет ету өлшемін осы жолдан іздеді.

Хан билігі, қанаушы топ – Махамбеттің өш типі. Оларға Махамбет халық мүддесін сатқандығы үшін өшігеді.

«Алтын тақты хандардың

Хандығынан не пайда?

Қаріп пенен қасірге

Туралық ісі болмаса»,-

дейді. [2]

Махамбеттің басқа ақындарда кездеспейтін тек өз басына ғана тән ерекше бір қасиеті мынада: басқа ақындар хан-сұлтандарды мінегенде, халыққа істеген қиянатын айтқанда, бетіне тура келіп айта алмаған, көбі сырттай мінеп-сынаған. Махамбет хан-сұлтандарды өз сарайының, өз үйінің төрінде қаймықпастан айтқан.

«Хан емессің, қасқырсың,

Қас албасты басқырсың.

Достарың келіп табалап,

Дұшпаның сені басқа ұрсын.

Хан емессің ылаңсың,

Қара шұбар жылансың.

Хан емессің аярсың,

Айыр құйрық шаянсың!»-

деп тура Жәңгірдің өзіне уытты өлеңді төгіп тастайды.[2]

Ел мен жердің тәуелсіздігі Махамбет жырларының негізгі сарыны есебінде бүгін де көптің ой-арманын қозғап отыр. Бұл екеуі – егіз құбылыс. Елсіз жер, жерсіз ел тәуелсіз бола алмайды. Исатай-Махамбет көтерілісі де алдымен патша шенеуніктері мен Жәңгір ханның, оның жақындарының жерді меншіктеп алуынан, халықты Нарынның құмына айдап тастауынан туған.

«Еділ үшін егестік,

Жайық үшін жандастық,

Қиғаш үшін қырылдық,

Тептер үшін тебістік,

Теңдікті, малды бермедік,

Теңдіксіз малға көнбедік»,-

деген жолдарда ел мен жер үшін жүргізген қазақтың ұзақ ғасырлар бойғы күресінің үні жатыр.

Махамбет жырларындағы Адам - ірі, кесек мінездің көрінісі. Жақсы мен жаманды көп көрген адам есебінде ақын ер мен езді қарама-қарсы қоя, салыстыра суреттер жасайды.

«Арғымақтың баласы

Аз оттар да көп жусар –

Талаудан татқан дәні бар.

Азамат ердің баласы,

Аз ұйықтар да көп жортар,

Дұшпанға кеткен ары мен

Барымтаға түскен малы бар».

Бұл өлең – күрес үстінде, дамылсыз ат үстінде өткізген күндердің сабағы. Осындай өмір мен өлім таласында ерлік пен ездік, адалдық пен пасықтық, уәдеге беріктік пен опасыздық айқын бой көрсетеніні анық. Ақын осыны тұжырымдап, түйіндей білді. Оның «Арғымақтан туған қазанат» өлеңі осындай ерлер мен ездерге берілген сын десе де болады.

«Арғымақтан туған қазанат,

Шабуыл салса, нанғысыз.

Қазанаттан туған қаз мойын

Күніне көз көрім жер шалғысыз.

Айырдан туған жампоз бар,

Нарға жүгін салғысыз.

Аруанадан туған мая бар,

Асылын айуан десе нанғысыз.

Жаманнан туған жақсы бар,

Атасын айтса, нанғысыз.

Жақсыдан туған жаман бар,

Күндердің күні болғанда,

Жарамды бір теріге алғысыз».

Махамбеттің осы тектес өлеңдері өмір шындығынан үлкен сабақ түйген, терең ой, парасатты философияға негізделген даналыққа толы келеді.          Күрескер ақын сол арқылы тыңдаушысын жақсылыққа үйретеді, жамандықтан жирендіреді.Жігерге жігер қосады.

«Асыл ердің баласы

Жауды көрсе, шыдамай

Көзін салар қияға.

Ермін деген жігітті

Кеңшілікте сынама»,-

дейді.[3]

«Махамбет» деп сөз бастағанда ойдың төрі мен тілдің ұшында тұрар бірден-бір балама – «батыр» ұғымы. Осындайда дауылпаз ақын, көзсіз батыр Махамбеттің қол-аяғы кісендеулі тұрып, Орынбор генерал-губернаторы Перовскийге айтқан мына сөзі есімізге түседі: «Генерал-губернатор мырза, егер қолыма бостандық пен билік берсеңіз, жер-суымды, байтағымды, атамекенімді келімсектерден тазартар едім…» Мұны естіген Перовский Махамбетке аң-таң қалады. «Басын кессе де тайынбайтын нағыз көкшуланның өзі екен, рухы неткен биік еді патшағардың, мұнымен тәжікелесіп, абырой таппаспын, бүтін бір елді өзіме қарсы қойып алармын»  деп, Махамбетті абақтыдан босатып жібереді.

Махамбет «Туған ұлдан не пайда, қолына найза алмаса?Атаның жолын қумаса» дейді. Бұл жерде қазақ біткеннің бәрін қару асынсын, сарбаз болсын деп отырмағаны белгілі. Найза дегені – намыс дегені. Әлпештеп өсіріп, дүниенің барлық ілімі мен біліміне қанықтырып, ел көрсетіп, жер көрсетіп, көзін ашып, көкірегін байытып үміт еткен ұлың алғанын қайтармаса, оны Алаштың жақсылығына жұмсамаса не болғаны? Оның бүкіл өлеңдері тек осындай батырлық идеяға негізделген.

Махамбет өлеңдерінің негізгі кейіпкерлері – Исатай мен өзі. Махамбет жан қиысқан қанды көйлек досы Исатай Тайманұлының батырлық, азаматтық тұлғасын, өлеңдік портретін ғажап жасап шыққан. Ерлерді сипаттау ертедегі жырлардан келе жатқан дәстүр, алайда Махамбет солардан алған үлгіні одан әрі күшейтіп, өзіне дейінгі сипаттамалардан әлдеқайда асып түседі және батырға деген өз сезімі, аса берілгендік сенімі бұрын-соңды болмаған дәрежеде айтылады.

«Құландай ащы дауыстым,

Құлжадай айбар мүйіздім

Кер миығым, кербезім

Керіскедей шандозым!..», -

деген ғажайып суреттерді бірінен соң бірін тоғытқанда, Исатай бейнесі керемет өсіп, биіктеп, қиялыңды арбайды. [3]

Батырдың өлімін халық басына түскенең ауыр күн есебінде бейнелейді. «Мұнар күн» өлеңін Исатай өлімі туралы «ғажайып қазанама» деп Зейнолла Қабдолов әдемі айтқан. Бұл өлеңінде ақын халық қайғысын терең тебірене сезіну арқылы өмірде болмайтын құбылыстарды болдыға балап, суреттейді. «Бұлттан шыққан шұбар күн», «буыршын мұзға тайған күн», «сағағы болат қылыштың балдағынан сынған күн» тәрізді образдар - халық арманының күйреуін күңірене жырлаудың белгісі. Исатай ерлігі мен өлімі арқылы Махамбет өзінің халықтық арман-мұңын жырлады.

Махамбет өлеңдеріндегі ақынның өз бейнесі де көңіл аударарлық. Ол Исатайдың жан серігі, бас батыры, ақыны, досы болып көрінеді. «Исатай – басшы, мен - қосшы» дейді.

«Дұшпанына келгенде,

Тартынбай сөйлер асылмын.

Құла бір сұлу ат мінген,

Құйрық, жалын шарт  түйген…

Ту түбінен ту алған

Жауды көрсе қуанған

Мен Өтемістің баласы

Махамбет атты батырмын»,-

дейді ол. «Шамдансам, шалқамнан түсер асаумын, шамырқансам, шатынап сынар болатпын», «кескекті ердің сойымын», «тартынбай сөйлер асылмын», «бойың жетпес биікпін» деген сияқты жолдар да Махамбеттің қайсар, өткір мінезінен хабар береді. Өмірі қуғында өтіп, сақтыққа үйренген ақынның «Мен – тауда ойнаған қарт марал, табаным тасқа тиер деп, сақсынып шыққан қиядан» дегені де тапқырлықпен айтылған.

М. Әуезов «Әдебиет тарихында» Махамбетті де зар заман ақындарына қосқан. Алайда, Махамбет жырлары Дулат, Шортанбай, Мұрат сияқты шын зар заман ақындарынан өзгеше.  Махамбетте егілу, өмірден күдер үзіп, сарнау, зарлау сарыны жоқ. Отаршылдық тәртібі бұғау болып басқа киілгенімен, одан құтылып шығудың реті жоғын көрсе де, Махамбет егілмейді. Бағынуға көнгісі келмей, бұлқынады. «Жалаулы найза қолға алып, жау тоқтатар күнді аңсайды».[4]

Махамбетте екі арман кетті. Біріншісі – елдік, екіншісі – ерлік. Елдік арманы сол – тар қапаста тап болған халқын еркіндікке жеткізе алмады. Ерлік арманы сол – ата жаумен қан майданда айқасып, қаруын қапысыз сілтеп, қан кешіп жүріп, мерт болмады, бұғып келген қарақшының қолынан қапыда кетті.

Осы орайда дарынды ақын Сағат Әбдуғалиевтің мына бір шумақтары есімізге оралады:

«Аяулы анаң – ақиқат та, атаң – кек,

Төрелердің тәтті қанын татам деп,

Бөрілермен бөрілерше белдескен,

Сен менен де бақыттысың, Махамбет!»

Бүгінгі буының арасында Махамбет өлеңдерін оқымағаны жоқ. Талдадық та, жаттадық та. Ақын шығармалары мектеп бағдарламасы негізінде оқулықтарға еніп, сабақ ретінде санамызға сіңді. Махамбет әлеміне енген адам шиыршық атпай тұра алмайды. Оның жырлары құлақтан кіріп қана қоймайды, бүкіл тамырыңды иітіп, санаға сәулелі жарық түсіреді. Оның өлең ағыны - өмірдің өзіндей тоқтаусыз, мәңгілік тірі ағын. Қазақ өлеңінің құпия құдіретін ұрпақтан-ұрпаққа дәлелдеп кеткен ерекше құбылыс.

Сөйтіп, Махамбет жырлары ой санасы сергек, танымы терең ақынның өз мақсатын халқына дәлдікпен жеткізген, қоғам өмірінің әлеуметтік сырын ұғынуға тырысқан мұратын, көзқарасын әйгілеген жырлар болып табылады. [6]

Жылдар, ғасырлар алмаса келе талай оқиға көмескі тартары заңдылық. Ал Махамбеттің ісі мен жырына ондай қауіп төнген емес, төнбейді де. Олай болатыны, оның батырлығы - бір жекпе-жектегі қайраты емес, жалпы адам бойындағы қайсарлық пен ерліктің символы. Жыр-толғауы бір кезеңнің баяны емес, күллі адамзатқа тән азаттық пен теңдіктің өшпейтін ұраны.

Махамбет сонысымен мәңгілік!

 

Пайдаланған әдебиеттер:

  1. Ж.Құлиев «Отқа да түсіп елі үшін, пәруана болған есіл ер…» немесе Махамбет рухын қайта тірілту// «Заң газеті».- 2002 .- 26 маусым
  2. С.Қирабаев «Елдік пен ерлік жыршысы» //«Егемен Қазақстан» газеті. -2003
  3. Махамбет – жауынгер ақын.  Махамбет – воин и поэт. Орал-Уральск. 2003 ж
  4. Ғ.Қайырбеков «Қырқарланып өткен ер» //«Түркістан» газеті.- 2003.

-24 көкек

  1. Т.Боранғалиұлы «Мәңгілік Махамбет» // «Егемен Қазақстан» газеті.- 2002.-12 шілде
  2. Б.Мәжитұлы «Намыстың пірі» // «Егемен Қазастан» -2002.

 

Ұқсас тақырыптар:

Оставьте комментарий

Добавьте комментарий ниже или обратную ссылку со своего сайта. Вы можете также подписаться на эти комментарии по RSS.

Всего хорошего. Не мусорите. Будьте в топе. Не спамьте.

Вы можете использовать коды HTML:
<a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>

На сайте используются Gravatar. Чтобы его получить зарегистрируйтесь Gravatar.