10 Август 2011 – 18:58 | 40 пікір

Құрметті ИНФОРМАТИКТЕР!
Cайтымыз сіздердің арқаларыңызда, аз уақытта Қазақстандағы ең танымал сайттардың біріне айналып келеді. Кейбір қазақ тілді сайттар өз контенттерін біздің сайтқа қарап өзгертіп қолданушыларын да көбейтті. Біздің үлгімізбен біршама жаңа сайттар ашылды. Соған қарағанда Информатик …

Толығырақ »
Информатика

Бәрі информатикаға байланысты

Педагогика

Тәлім-тәрбиеге байланысты материалдар

Басқа пәндер

Ұстаздар шығармашылығы

Оқушылар шығармашылығы

Басты бет » Бастауыш сынып

3сынып. Өмір - өлең. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың балаларға арнап жазған шығармаларын оқып, танып білу (атс).

Опубликовал inust в 27 Октябрь 2011 – 10:20Пікір жоқ
Бұл мақала 7803 рет оқылды, 86 рет бүгін

Нұркенова Лайла,  Жамбыл обл. Сарысу ауданы, Байқадам атындағы орта мектебі, бсм.

3 сынып
Тақырыбы: Өмір - өлең
Мақсаты: Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың балаларға арнап жазған шығармаларын оқып, танып білу;
Оқушыларды мәнерлеп өлең оқуға үйрету;
Оқушыларды адамгершілікке,Отан сүйгіштікке тәрбиелеу.
Түрі: поэзия сағаты.
Көрнекілігі: кітаптар, газет-журналдар, слайдтар.

(Сахна сыртында М.Мұқатаевтың өлеңі оқылады.)

Арыз жазып кетейін
Бүгін менің туған күнім.
Ой , бәле – ай!
Мына адамдар неге жатыр тойламай ?!
Банкет жасап берер едім өзім – ақ,
Тәңірдің бір жарытпай – ақ қойғаны – ай.

Мына дүние неге жатыр үндемей ?!
Алаулатып тойдың шоғын үрлемей.
Құшақ – құшақ гүл шоқтарын лақтырып,
“Мынау – шапан,
Мынау – атың, мін”- демей.

Мына жұртқа жақпады ма әлденем ?
Бекер өмір сүргемін бе әлде мен ?
Халқым,
Сенің қасиетіңді білем деп.
Босқа өмірім кетті ме екен әуремен ?!

Айтамын деп қуанышың , мұңыңды,
Басқа арнаға бұрдым ба әлде жырымды?!
Мен ,бәрібір ,өзіңменен бір болам ,
Өзегіне тепсең-дағы ұлыңды .

…Тойланбаса тойланбасын,
Не етейін.
Той көрмей-ақ ,сый көрмей-ақ өтейін.
Қаламымды берші маған , бәйбіше,
Болашаққа арыз жатып кетейін .

Жүргізуші: Жо – жоқ , Мұқағали аға сіздің туған күніңізді бүкіл қазақ халқы естен шығарған емес. Қазақ жырының аспандағы аз ғана жұлдыздардың ішінен сіздің жұлдызыңыз – ең шұғылалы жұлдыз.

“Қуат алып Абайдың тіл күшінен,
Жыр жазамын Абайдың үлгісімен.
Абай болып табынсам бір кісіге,

Абай болып түңілем бір кісіден”,-деп жырлап өткен ақиық ақын Мұқағали Мақатаев тірі болса биыл тура 80 жасқа толып , қазақ елінде дүбірлі той болып жатқан болар еді. Жыл керуені алға жылжыған сайын Мұқағали Мақатаевтың артына қалдырған өшпес мұрасы жарық жұлдыздардай сәулесін шашып, ұрпақтан – ұрпаққа таралып , өз оқырмандарының ыстық ықыласына бөленуде. Абай үндес Мұқағалидай перзенті бар халық – бақытты халық.

1-оқушы Мұқағали аға, сезесіңбе, сезесіңбе
Еліңді аралап жүр елесіңде.
Әндерің шырқалады әр ауылда,
Сөздерің әр қазақтың өресінде.

2-оқушы Халқыңның ақыны болып жаралғансың,
Қарасаз топырағынан нәр алғансың.
Қазақтың қара өлеңін шекпен жауып,
Қайтарып аңыз болып таралғансың.

Жүргізуші: …Поэзия – ғылым. Зерттеу керек – Адам өмірінің, адам жанының зерттелмеген, қалам тартылмаған несі қалды?
Соны табу, соны зерттеу керек.
Адам сезімін жан – жақты зерттейтін құдірет болса, ол тек поэзия.
Басқа ешқандай да ғылымның қолынан келмейтін шаруа бұл!
Олай болса, ендігі кезекте Мұқағалидың «Бесік басында» өлеңін тыңдайық.

Ұқсайды бар тыныштық жер бетінде,
Ұйқыдағы сәбидің келбетіне.
Ояту былай тұрсын, рұқсат жоқ ,
Ұйықтап жатқан ұлымды тербетуге.

Ұйықта, ұлым, ұйықта, қасыңдамын,
Керек емес, дүния, асылдарың!
Бақыт, байлық – барлығы менің үшін
Сенің бір кеп мойныма асылғаның.

Танауыңнан айналдым сүртілмеген,
Тамағыңнан айналдым бүлкілдеген.
Не дейсің сен бұртиып, айтшы, сәулем,
Қытықтаған жүректі бір тілменен?

…Қандай ғана анадан туады адам,
Сәбилердің ұйқысын қуалаған?!
О, тыныштық! Тыныштық қандай рақат!
Қандай рақат сәбилер жыламаған!

Ұқсайды бар тыныштық жер бетінде,
Ұйқыдағы сәбидің келбетіне.
Кім болсаң ол бол, мейлің, рұқсат жоқ,
Ұйықтап жатқан ұлымды тербетуге!

Жүргізуші: Мұқағали Мақатаевты ұрпақтары ешқашан ұмытқан емес. Мұқағали бір ғасырда бір келетін, қазақ поэзиясының алтын домбырасы дерліктей хас талант иесі. Иә, жақсы жырды, жақсы ақынды таңдай білсек, қорғай білсек, хақымыздың рухани өзегі, сана байлығы толыға түсері анық. Мұқағали Мақатаевтың әрбір өлеңін қымбат қазынымыздай сақтап, оқуымыз керек. Ол – біздің міндетіміз. Олай болса, құрметті ұстаздар, оқушылар!

Мұқағали Мақатаевтың туылғанына 80 жыл толуына орай өткізіліп отырған Мұқағали Мұқатаевтың шығармашылығына арналған “Өмір - өлең” поэзия сағатына қош келдіңіздер!

(Оқушы Мұқағалидың портретіне қарап тұрып өзінің ой – толғауын айтады.)

Өткен күнде тоқтау жоқ. Мінеки,80 жылдық тойыңыз да кеп қалды. Егер тірі болсаңыз, сақал шашыңыз ағараған көсегелі қарияны көрер ме едік.

Менің ойымдағы бейнеңіз баяғы қалыпта. Алты алаш сізге бекер тәнті болған жоқ. Өлең иесі сіз болғанмен, ондағы ой мен сезім біздікі. Сондықтан, біздің Мұқағалиымысыз.

Мынау қазақ даласы,
Алтай, Арқа арасы,
Алатау мен Атырау
Тойлап жатыр қарашы,
Естідің бе, ағасы ,
Бүкіл қазақ баласы.

( С.Әубәкіров. “Өрлеу”орындаған Эбель Ақмарал.)

3-оқушы Жарқыра, жарқырайсың шын асылдай,
Тереңде жатыр қанша сыр ашылмай.
Маржан жыр өткірлеген намысымды,
Халықтың қасиетті мұрасындай.

4-оқушы Жылатқан, толғандырған күлімдеткен,
Жан аға, құдіретті үнің неткен.
Мәңгілік, сағыныштың толқындары,
Сезімнің айна көлін дірілдеткен.

Жүргізуші: Мұқғали – ғажайып, өршіл ақын. Оның жыр шумақтары мектеп табалдырығын аттаған әрбір оқушыға таныс. Олай дейтініміз – Мұқағали балалар шығамашылығына да біраз қалам тартып, кішкентай оқырмандарына да мол мұра қалдырған ақын. Қасиетті әліппе оқулығына арнап шығарған, оқуға, білімге шақырған өлең жолдары әрбір әріп таныған оқушының “Әліппе” оқулығынан орын алып, оқушы жүрегінде сақталған. Олай болса, Мұқағалидың “Әліппе “өлеңін оқушылардың бәрі жатқа біледі.

5-оқушы Бар кітапқа бас болған,
Әліппе –ғылым анасы.
Әліппеден басталған,
Даналықтың данасы.

Мектебің мынау класың
Осында он жыл тұрасың.
Тарыдай болып кіресің,
Таудай болып шығасың !

Жүргізуші: Өлең дейді шіркін-ау өлең дейді,
Кейде өлең байқаусызда елеңдейді.
Жаныңа дауа болып жадыратар,
Өлеңсіз өмір гүлге бөленбейді. -

дей отырып келесі кезекті
Мұқағали жырларына берейік. Ақынның “Ей, өлең” өлеңі.

Ей,өлең, маған тиген еншім едің,
Бой жазайын, қасыма келші менің.
Менің саған шамалы жақсылығым,
Сен де маған, әрине, көншімедің.

Келші маған, тез жетші, алданышым,
Тез жетші, атам Абай аруағы үшін.
Бейіштегі ұяңды қоя тұрғын ,
Тіршілікке керексің ,арда құсым.

Ей, өлең,қайтсем саған жан бітірем ?
Жансыз өлең жанымды алды кілең.
Бір ойым жүрегімде қаза болып ,
Бір ойым көмейімді қалды тіреп ,
Ей , өлең , қайтсем саған жан бітірем ?

Жүргізуші: Ақынның еліне, жеріне деген сүйіспеншілігі өте зор еді. Осы сезімдерін “Отан”, “Отан туралы”, “Қазақстан”, “Елім барда”, “Қазақ жері” деген өлеңдерінде жырлайды. Келесі оқылатын өлеңі “Отан”

Отан !!
Отан !!
Сен болмасаң , не етерем ?
Мәңгілікке бақытсыз боп өтер ем ,
Өмірден бұл өксумен кетер ем .

Құс ұясыз ,
Жыртқыш інсіз болмайды.
Отансыз жан өмірінде оңбайды.
Өзін-өзі қорлайды да , сорлайды.
Тірі адамға- сол қайғы !

Күн көреді ,
Әкесіз де , анасыз ,
Өмір сүрер .
Әйелсіз де ,баласыз ,
Ал ,Отансыз –
Нағыз сорлы панасыз.

Білесің бе ,
Отанның сен не екенін ?
(Екі өмір жоқ , әрине , жоқ екі өлім .)
Екі Отан жоқ .
Жалғыз Отан – мекенің !

Жүргізуші: Мұқағали күнделігінде: “Маған нағыз баға беретін келешек ұрпақ! Нағыз бағалаушылар алда. Жылдар өтеді, жаңа ұрпақтар келеді. Мен өзім жайында мынаны айтам: мен XXI ғасыр ұрпақтарының құрдасымын”,- деп елінің егемен алып келешек ұрпақтың білімді де, ақылды балалары менің жырларымды оқып сусындар, бағасын берер деп келер ұрпаққа сенім артып, елінің болашағынан үлкен үміт күткен еді. Ол кезде ақын 43 жаста болатын. Қазір ақынның айтқаны келіп, Мұқағали жырлары әрбір оқырманға жақын да таныс. Оның барлығы ел бірлігінің ,тыныштықтың жетістігі..Келесі кезекте ақынның “Елім барда” өлеңі оқылады.

Не сыйлайды , небереді келер күн ?!
Неде болса тірі тұрсам көрермін .
Желідегі құлынымын мен елдің ,
Көгендегі қозысымын мен елдің .

Не сыйласын ,не берсін ел маған ?!
Тұрсақ екен елім де аман , мен де аман .
Таулар-менің таусылмайтын бақытым ,
Ал ырысым – ұланғайыр кең далам .

Не істемекпін алтын , гауһар ,жақұтты ,
Оларды іздеп өткізбеспін уақытты ,
Мен бақытсыз бола қойман сірә да ,
Туған елім болса екен бақытты .

Жүргізуші: Мұқағалидың табиғат құбылыстарына жан бітіре жазған өлең- жырлары оқырмандарды табиғат тамашасына жетелеп, жақындата түседі. “Таудағы көктем” өлеңі.

Сай-саланы
Аймалады,
Жоталардан жел есті.
Көк қарағай
Көп баладай
Күбір-күбір кеңесті.
Қасқа бұлақ
Тастан құлап,
Бара жатыр шапқылап.
Шыңылдаған,
Сыбырлаған
Айқай тастар- саққұлақ.
Бір жүрекпен
Дір- дір еткен
Жасыл талдар, жас талдар.
Еміренген,
Тебіренген
Ақбас Ата-асқарлар.
Күннен-бөркі,
Гүлден-көркі,
Тау тамаша, тау алып.
Қатпар басын,
Шатқал, тасын
Көрген сайын жаңалық.
Айналаңа,
Сайға қара,
Шыңға қара ақ маңдай.
Бала шағың,
Болашағың
Көктеп келе жатқандай.

( “Есіңе мені алғайсың” орындайтын А. Орынбекова)

Жүргізуші: Мұқағали әр күні, әр сағатта халықпен бірге жүрді. Халықтан үйренді, халқын сүйді. Оның әрбір сөзін алтынға балады. Сол сөздерді орын- орнына қоя білді. Халқына арнаған “Үш бақытым” өлеңін оқуға кезек берейік.

Ең бірінші бақытым – Халқым менің,
Соған берем ойымның алтын кенін.
Ол бар болса, мен бармын, қор болмаймын;
Қымбатырақ алтыннан нарқым менің.

Ал, екінші бақытым – Тілім менің,
Тас жүректі тіліммен тілімдедім.
Кей – кейде дүниеден түңілсем де,
Қасиетті тілімнен түңілмедім.

Бақытым бар үшінші – Отан деген,
Құдай деген кім десе, Отан дер ем!
…Оты сөнген жалғанда жан барсың ба?
Ойланбай – ақ кел – дағы от ал менен.
Түтін түтет,
Өс, өрбі, көгере бер,
Немерелер көбейсін, шөберелер.
Жадыңда ұста,
Жақсылық күтпегейсің!
От емес, оқ сұрасаң менен егер!

Үш бірдей бақытым бар алақанда,
(Мені мұндай бақытты жаратар ма!)
Үш күн нұрын төгеді аспанымнан,
Атырау, Алтай, Арқа, Алатауға!!!

Жүргізуші: Құрметті оқушылар! Мұқағалидың біраз өлеңдерімен және өмір деректерін тыңдап ,таныстық . Мұқағали туралы әлде де тереңірек танысу үшін “Мұқағали шыңы” тақырыбы бойынша мына сұрақтарға жауап берейік.

1-сұрақ .
Мұқағали қай жылы дүниеге келді? “Менің анкетам өлеңін” оқы.

- Туған жерің?
- Ұланымын, Қарасаз деп аталатын ауылдың.
- Туған жылың?
- 1931. Құрдасымын Шәмілдің.
- Жынысың кім?
- Еркекпін ғой, еркекпін!
Және-дағы тәуірмін…

- Партияда барсың ба?
- Жоқпын.
- Шыққан тегің?
- Шаруамын.
Бар тірліктен бағалы оны санаймын.
- Білімің ше?
- Орташа ғой.
Алайда өзім жоғарыға балаймын.

- Ана тілің?
- Қазақша.
Қысылғанда орысша да, немісше де, тағы бар.
- Қайда істедің?
- Мынау «Еңбек кітапшамнан» танып ал.
Оқымаған, дипломсыз демесең,
Бір басымнан бар мамандық табылар.

- Міндеттісің бе әскерге?
- Міндеттімін.
Біздің әлі жас кеуде.
Жауынгердің ұлымын ғой,
Жанын қиған Мәскеуге.

- Сөгіс алып көрдің бе?
- Ол жағынан періште дей алмаймын
Мен мүлде.
Ойлы-қырлы бұл өмірде болады ғой мүлт кету,
Ол өзі бір еншісі ғой ездің әрі ердің де…

- Шетелдерде болдың ба?
- Болғаным жоқ.
Олар маған тұрған да жоқ қол бұлғап.
Қалсам болды, өлсем болды жәйіммен,
Осы отырған орнымда-ақ.

- Мекен- жәйің?
- Мекен- жәйім – жер менің.
Жерде жүрген ақын деген пендемін.
Қалам, қағаз, уақыт бер тек аздаған,
Мен өмірді жырлау үшін келгенмін!

2-сұрақ.
Мұқағалидың туған жеріне арнап жазған өлеңі қалай аталады? Өлеңді жатқа айтып бер (“Қарасаз” өлеңі).

Мен бақыттымын,
Бақытты жерде туылдым.
Айналайын Қарасаз,
Қасиетінен суыңның!

Сенің әрбір бұлағың-
Менің әрбір қан тамырым емес пе?
Қасиетті тұрағым,
Қасиетінен суыңның!

Көктемде үйрек ұшып, қаз қонып,
Қараушы едім тырналарға мәз болып.
Жыр қыстап туылмас ем, сірә, мен,
Жаралмасаң өзің Қарасаз болып.

Сонау жатқан жасыл тауды көлденең
Алғаш рет ес білгенде көрген ем.
- Асқар таудың ар жағында ел ьар, - деп
Әжем айтса, әй, сәбилік, сенбегем.

Қарасазым!
Айтылмаған сезім ең,
Мен іздеген бақыттың сен өзі ме ең?
Сенің ғажап табиғатыңды кімге айтам,
Кім құмартса, өзі көрсін көзімен…

3-сұрақ .
Мұқағали қай ақындардың үлгісімен жазды? (Абай,Махамбет)

“Махамбет, Абайлар – ай “ өлеңіне кезек берейік.
Өмірдің қысы, жазы, көктемдері,
Қысылтаяң шақтары, өткелдері,
Адамның аққан қаны,төккен тері,
Мұратқа жетпегені, жеткендері-
Жанымды жеп жүр менің көптен бері.

Атысу, аңдысу мен таласудың,
Санасу, табысу мен жарасудың,
Мінезін мынау адам баласының
Білсем деп құпиясын аласұрдым.

Алдында алуан-алуан мінездердің,
Амалсыздан келеді мың өзгергің.
Әркім өзін балайды данышпанға,
Бір-бір құдай санайды бір өздерін.

Білмейді екем…
Қолымнан келмейді екен,
Жоқты аңсап, жоқ сусынға шөлдейді екем.
Қой енді, тыйылайын, бұғынайын,
Ойымды орасанға бөлмей бөтен.

Жасырмай ойымды айттым талай – талай,
Қайтейін кетті бәрі қарайламай.
…Айтарын ашып айтқан абайламай,
Даиға – ай,
Махамбеттер, Абайлар – ай!!!

4-сұрақ .
Мұқағалиға арнап , арнау жазған ақын кім? Ақын – Асқар Оразақын..

5-сұрақ .
Мұқағалидың тау тұлғалы ақын екендігін өзінің қай өлеңінен көрінеді?
“Мен таулықпын” өлеңін жатқа оқып бер.
Тау дейтін алып жүрек Ана туған
Мен таулықпын!
Таудан мен жаратылғам.
Киіктің сүтін еміп ержеткенмін
Қуат алып қыранның қанатынан.

Мен таулықпын
Таудан мен жаратылғам.
Бұлт бүркеніп, жай отын ала туғам
Күн алғашқы сәулесін маған шашып
Маған келіп түнейді қара тұман.

Тау ұлымын
Тау – менің дәу бесігім
Мен оның әуресімін, сәулесімін.
Асқар шыңдар желпиді бесігімді
Бір орамын ағытып сәлдесінің.

Мен – таулықпын!
Таудан мен жаратылғам.
Тау деген Ана туған дара тұлғам
…Тауға барып
Көкке кетсем бе екен
Ұстап алып қыранның қанатынан.

(“Саржайлау” орындайтын А. Амангелдиева

Жүргізуші: Мұқағалидың жары Лашын : “Әрбір газеттен , әрбір журналдан , әрбір ақынның өлеңінен ,радио даусынан , теледидар көрінісінен , ақын –жазушылардың пікірінен Мұқағалиды іздейтін болдым” ,- десе , өршіл ақын Мұқағалидың өзі : “Мен туралы жазылар талай әлі естеліктер” деп айтып кеткен еді. Айтқандай- ақ ақиық ақын туралы қаншама әдебиетшілер өз лебіздерін білдірді. Келесі кезекті Мұқағали туралы лебіздерді тыңдауға берейік. (Естеліктер оқылады).

Жүргізуші : Құрметті оқушылар! Бүгінгі “Өмір- өлең” поэзия сағатынан қаншалықты Мұқағали туралы мағұлматтар алғандығын “Мұқағали” сөзжұмбағын шеше отырып білейік.

“М” дегеніміз-Мұқағалидың азан шақырып қойған есімі-Мұхамедқали
“Ұ” дегеніміз- ұрпаққа ұлағатты ұлан-ғайыр жырларын Мұқағали
атамыз зор сеніммен аманат етті.
“Қ” дегеніміз-Қарасаз ,яғни Мұқағалидың туған жері Қарасаз ауылы , Алматы облысының Райымбек ауданына қарасты ауыл.
“А” дегеніміз- “Аманат”, “Аққудың қанатына жазылған жыр” кітаптарының авторы Мұқағали Мақатаев .
“Ғ” дегеніміз-Ғасыр. Яғни Мұқағали Мақатаев “Ғасыр ақыны”.Ғасырдан ғасырға өз оқырманын тауып , жырларын мәңгілікке қалдырған.
“А” дегеніміз-Асқар Оразақын. Асқар-ақын , зерттеуші. Мұқағалидың бар шығармаларын зерттеп ,4 томдық шығармалар жинағын құрастырушы.
“Л” дегеніміз-Лашын,Мұқағалидың өмірлік жары . Шын аты Ләсима Әзімжанова .
“И” дегеніміз-имандылық .Адамзатқа ең бірінші имандылық керектігін Мұқағали “Дүние жүзі мұсылмандарына хат” деген өлеңінде жырлайды.

Жүргізуші : Небәрі 45 жыл ғұмыр кешкен ақын артына мол мұра қалдырды. Мұқағалиды поэзия патшасы деп айтсақ артық айтқанымыз емес.Ендігі кезекті Мұқағалидың әр тақырыпта жазған өлең жолдарына берейік.(Оқушылар өздері жаттаған Мұқағалидың өлеңдерін мәнерлеп оқиды .)

(Ә.Желдібаев “Ерке сылқым” орындайтын Н.Оспанбекова.)
Жүргізуші :
Көп адам дүниеге бой алдырған ,
Бой алдырып , аяғын көп шалдырған .
Өлді деуге сыя ма , ойлаңдаршы ,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған?- Абай атамыз жырлағандай, 45 жыл ғана қысқа ғұмыр ішінде халқына өшпес із қалдырған ғасыр ақыны Мұқағали жырларынан біраз сусындағандай болдық . Әрине , ақынның мол , таусылмас мұрасын бір күнде , бір сағатта оқып білу мүмкін емес . Ақын шығармалары ұрпақтан-ұрпаққа тарап , жалғасын таба береді . Олай болса хантәңірі атанған ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 80 жасқа толуына орай ұйымдастырылған “Өмір - өлең” атты поэзия сағатын аяқтаймыз .

Ұқсас тақырыптар:

Оставьте комментарий

Добавьте комментарий ниже или обратную ссылку со своего сайта. Вы можете также подписаться на эти комментарии по RSS.

Всего хорошего. Не мусорите. Будьте в топе. Не спамьте.

Вы можете использовать коды HTML:
<a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>

На сайте используются Gravatar. Чтобы его получить зарегистрируйтесь Gravatar.