10 Август 2011 – 18:58 | 44 пікір

Құрметті ИНФОРМАТИКТЕР!
Cайтымыз сіздердің арқаларыңызда, аз уақытта Қазақстандағы ең танымал сайттардың біріне айналып келеді. Кейбір қазақ тілді сайттар өз контенттерін біздің сайтқа қарап өзгертіп қолданушыларын да көбейтті. Біздің үлгімізбен біршама жаңа сайттар ашылды. Соған қарағанда Информатик …

Толығырақ »
Информатика

Бәрі информатикаға байланысты

Педагогика

Тәлім-тәрбиеге байланысты материалдар

Басқа пәндер

Ұстаздар шығармашылығы

Оқушылар шығармашылығы

Басты бет » Информатика, Педагогика

Информатикадан оқу бағдарламасы. 7-9 сыныптар. ҚР Білім және ғылым министрінің 09.07.2021 жылғы №367 бұйрығымен бекітілген.

Опубликовал inust в 7 Сентябрь 2012 – 11:182 пікір
Бұл мақала 7955 рет оқылды, 1 рет бүгін

Асылан Аменов жіберген.

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
Ы.АЛТЫНСАРИН АТЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ БІЛІМ БЕРУ АКАДЕМИЯСЫ
ИНФОРМАТИКА
жалпы білім беретін мектептің 7-9 сыныптарына арналған
ОҚУ БАҒДАРЛАМАСЫ
Астана 2010
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 09.07.2021 жылғы №367 бұйрығымен бекітілген
Бағдарлама авторлары: Бидайбеков Е.Ы., Нұрбекова Ж.Қ., Мұхамбетжанова С.Т., Сағымбаева А.Е., Ермеков Н.Т., Стифутина Н.Ф.
Жалпы білім беретін мектептің 7-9 сыныптарына арналған «Информатика» оқу бағдарламасы .– Астана, 2010. – 14 б.
ҚР БжҒМ, 2010 Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім беру академиясы, 2010

ТҮСІНІК ХАТ

«Информатика» пәні «Математика және информатика» білім беру аумағына кіреді. «Информатика» қоршаған ортаны талдаудың жүйелік-ақпараттық тәсілін қалыптастыратын; ақпараттық процестерді, ақпаратты алу, өңдеу, тасымалдау, сақтау және қолдану әдістері мен құралдарын үйрететін ақпараттық технологияларды қолдануға байланысты адамның практикалық іс-әрекеті аумағын тұрақты түрде дамытып және оны үнемі жетілдіріп отыратын білімнің іргелі ғылыми салаларының бірі болып табылады.

Оқу пәнінің жалпы мақсаты – оқушылардың ақпаратты алу, өңдеу, тасымалдау, сақтау және қолдану процестері туралы іргелі білімді жан-жақты, әрі саналы түрде меңгеруін қамтамасыз ету және соның негізінде оқушыларға қазіргі кездегі әлемнің ғылыми бейнесін қалыптастырудағы ақпараттық процестердің мәнін және ақпараттық қоғам дамуындағы АКТ-ның ролін ашу.

«Информатика» оқу пәнінің міндеттері:
– информатика саласы бойынша негізгі ұғымдар мен білімдерді қалыптастыру;
– информатика саласы бойынша біліктіліктері мен дағдыларын қалыптастыру;
– ақпараттық қоғамда өмір сүретін өскелең ұрпақтың адамгершілік және құқықтық негіздерінің қалыптасуын анықтау.

Информатиканы оқыту мазмұны оқушылардың осы пән бойынша білімдерінің қажетті деңгейіне жетуіне бағытталуы тиіс, сонымен қатар ақпараттық технологиялардың нақты құралдарына сәйкес инвариантты болуы керек.

Курс мазмұнының жүйеқұраушы ұғымы «ақпараттық процесс», ал іргелі ұғымы – «ақпарат» болып табылады. Құрылымдауға бірегей әдісті қолдану курстың мазмұнын нормативтік құжаттардағыдай жеке-жеке дидактикалық бірліктер жиыны емес, жалпы мәдени сипатта дамушы, әрі біртұтас іргелі пән ретінде көрсетуге мүмкіндік береді.

Курстың мазмұнына адамның жалпы мәдениеті, сонымен қатар білімін әрі қарай жалғастыруы үшін неғұрлым іргелі, әрі маңызды болып табылатын қоршаған шынайы өмір жайлы қазіргі заманғы ғылыми түсініктерге сәйкес келетін фактілер, теориялар, қағидалар мен тәсілдер енгізілуі қажет. Сонымен қатар, бағдарламада қоғамды ғаламдық ақпараттандыру жағдайында өмір сүретін әрбір сауатты адамға қажетті информатиканы оқытудың инвариантты бөлігінің құраушылары болып табылатын ұғымдар мен дидактикалық элементтер сипатталуы тиіс.

Информатика курсының ұғымдарын іріктеу негізіне жүйелілік, тұтастық, пәндік аумақтың толықтығы, логикалық қайшылықтың болмауы, минималды жеткіліктілік, сабақтастық, әдістемелік мақсатқа сәйкестілік, иерархиялық, аксиоматикалық, көзжетерлік, ашықтық талаптары қойылған.

Информатика курсы ұғымдарының қалыптасуының бірізділігі оқыту материалының тұтас ұғымдық құрылымын теориялық жағынан кеңейтіп, реттей отырып, ұғымдарды біртіндеп дамыту, курстың себеп-салдар байланысын ескере отырып, түрлі табиғат жүйелеріндегі ақпараттық процестердің бірлігін және оқу материалын теориялық жағынан жалпылауға мүмкіндік беруі керек.

Оқыту барысында жүйеқұраушы «ақпараттық процестер» ұғымы қалыптасуы, дамуы және жалпылануы қажет. Сонымен, ақпараттық процесс түрлерін оқыту ақпаратты сақтау, тасымалдау және өңдеу сияқты табиғи ақпараттық процестер ретінде қарастырылады. Ол компьютердің функционалдық құрылғыларын оқытуда өте қажет. Ақпараттық процестерді автоматтандыру мүмкіндіктері үшін (табиғи ақпарттық процестерден жасанды процестерге өту) ақпаратты бірегей түрге (санау жүйелері) келтіру, ақпаратты компьютермен өңдеудің бірізділігі (логика негіздері), ақпаратпен жұмыс жасаудың күрделі іс-әрекеттері: алгоритмдеу және модельдеу процестері қарастырылады. «Ақпараттық процесс» ұғымының дамуы ақпараттың графикалық, мәтіндік, сандық, дыбыстық түрлерін сақтау, тасымалдау және өңдеу ерекшеліктерін, сонымен қатар ақпараттық, телекоммуникациялық және мультимедиялық технологиялардың жабдықтарын үйрету барысында іске асырылады. Нәтижесінде ақпараттық процестердің әлеуметтік аспектілері қарастырылады.

Анықталған жетекші ұғымдар материалды ғылыми, біртұтас және белгілі фактілерді жалпы көзқарас тұрғысынан қайта түсінуге, бүкіл білім жүйесінің негізін салуға, іргелі ұғымдардың ішкі байланыстары мен қатынастарын ашуға, оларды нақты фактілерде және шынайы құбылыстарда көрсетуге мүмкіндік береді.

Бағдарлама мазмұны келесі аспектілерде қарастырылады:
1) мектеп курсында информатиканың іргелі ғылым ретінде қазіргі жағдайға сәйкес бейнеленуі;
2) «ақпараттық процесс» ұғымы аясында оқыту мазмұнын сабақтастыру негізінде информатика курсының тұтастығын көрсету;
3) оқу материалын гуманитарлық құраушыларымен, эмоциональдық-бағалық және адамгершілік қарым-қатынастармен толықтыру;
4) оқушылардың ойлауын қалыптастыру және дамыту, шектен тыс ақпараттар бермеу;
5) ақпараттармен тиімді жұмыс істеу әдістеріне үйрету;
6) информатика курсының пәнішілік және пәнаралық байланыстарын белсенді түрде қолдану;
7) практикада қалыптастырылған білім мен біліктіліктерді жалпылай қолдану тәсілдеріне үйрету.

Пән бойынша оқу жүктемесі

Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті білім берудің стандартында ұсынылған типтік оқу жоспарына сәйкес 7-9 сыныптарындағы «Информатика» пәні бойынша оқу жүктемесінің көлемі:

7 сыныпта – аптасына 1 сағат, оқу жылында 34 сағат;
8 сыныпта – аптасына 1 сағат, оқу жылында 34 сағат;
9 сыныпта – аптасына 1 сағат, оқу жылында 34 сағат.

Оқу пәнінің вариативті бөлігі мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына сәйкес қосымша оқыту бағдарламаларын енгізіп, оны іске асыруға бағытталған. Білім мазмұнының вариативті бөлігі оқушылардың дамуының жеке сипатын қамтамасыз етеді және оқушылар мен ата-аналарының сұраныстарын ескере отырып құрылады. Қосымша оқу бағдарламаларының үлгілері ұсынылады: «Компьютерлік графика», «Әлеуметтік информатика», «Web-дизайн», «Flash-технологиялар», «Объектіге бағдарланған программалау», «Әлемдік ақпараттық ресурстар», «Ақпараттарды қорғау негізі», «Мультимедиа-технологиялар», «Логикалық программалау», «Компьютерлік терілім», «Компьютерде іс қағаздарын жүргізу», «Компьютерлік модельдеу», «Баспалық жүйелер» және т.б.

ІІ. ОҚУ ПӘНІНІҢ БАЗАЛЫҚ МАЗМҰНЫ

7-сынып (34 сағат)

Ақпаратты бейнелеу және ақпараттық процестер (4 сағат)

Ақпарат, оның мазмұны, түрі және қасиеттері. Ақпарат көлемі және оның өлшем бірліктері. Әр түрлі табиғат жүйесіндегі ақпараттық процестер.

Компьютер (12 сағат)

Қауіпсіздік техникасы және жұмыс орнын ұйымдастыру. Компьютермен жұмыс істеу кезіндегі санитарлық және гигиеналық нормалар. Сандық, символдық, графикалық және дыбыстық ақпараттарды кодтау. Компьютер – әмбебап есептеуіш машина. Компьютердің негізгі құрылғыларының қызметі мен мүмкіндіктері. Компьютер жадысының түрлері. Ақпараттық тасымалдауыштар. Программалық жабдықтаудың топтамасы мен жалпы сипаттамасы. Операциялық жүйе: мәні және оның негізгі қызметтері. Терезе және оның элементтері мен құрылымы. Файлдар, бумалар мен жарлықтар. Бумаларды, жарлықтарды құру және оның атын өзгерту. Бумалар иерархиясы. Нысандарды көшіру. Қоржын. Нысандарды өшіру. Өшірілген файлдар мен бумаларды қалпына келтіру. Нысандарды іздеу. Сілтеуіш. Анықтама. Ақпараттарды жазу және оқу. Стандартты программалар.

Ақпараттық технология (14 сағат)

Ақпараттық технология құралдары және олардың даму эволюциясы. Мәтіндік ақпараттарды өңдеу. Мәтіндік редактор. Компьютерде графикалық ақпаратты өңдеу. Графикалық редактор. Сандық ақпараттарды өңдеу. Калькулятор. Дыбыстық ақпараттарды өңдеу. Фонограф.

Әлеуметтік информатика (2 сағат)
Ақпараттық технологияның қоғамдағы ролі.
Телекоммуникация (2 сағат)

Электрондық пошта. Электрондық хабарламаларды қабылдау және жөнелту. Интернет мүмкіндіктері. Интернет желісінде ақпаратты іздеу.

8-сынып (34 сағат)

Ақпаратты бейнелеу және ақпараттық процестер (4 сағат)

Ақпарат және оның қасиеттері. Ақпараттық үрдіс. Ақпараттың көлемі. Ақпараттың өлшем бірлігі. Ақпаратты беру түрлері.

Компьютер (12 сағат)

Қауіпсіздік техникасы және жұмыс орнын ұйымдастыру. Сандарды кодтау. Таңбаларды кодтау (ASC II, UNICODE). Графиктік және дыбыстық ақпаратты кодтау. Санау жүйелері. Екілік арифметика. Сандарды бір санау жүйесінен екінші санау жүйесіне ауыстыру. Ақиқаттық кестелер. Логикалық функциялар және оларды түрлендіру.

Дербес компьютер архитектурасының қазіргі заманғы даму тенденциялары. Операциялық жүйе және утилиттер. Операциялық жүйенің ядросы. Дискімен, каталогпен және файлдармен жұмыс жасау командалары. Қоданбалы программаларды жүктеу, Вирустан қорғау программалары, программаларды сығу.

Ақпараттық технология (18 сағат)

Графикалық редактордың қосымша мүмкіндіктері. Word мәтіндік редакторы: мәні, мәзір, құралдар тақтасы, режимдер. Кестелер. Қою. Сервис. Сандық ақпараттарды өңдеу. Кестенің құрылымы. Кестенің элементтері: жол, баған, ұяшық. Мәтін, формула командаларын енгізу, Электрондық кестені құру, толтыру. Деректер қоры. Ақпаратты кесте түрінде беру. Жазбалар. Өріс. Ақпараттарды іздеу амалдары.

9-сынып (34 сағат)

Ақпараттық модельдеу (4 сағат)

Модель және модельдеу ұғымдары. Модель типтері. Статистикаық және динамикалық модельдер. Модельдеу тәсілдері.

Алгоритмдеу және программалау (26 сағат)

Алгоритм ұғымы. Алгоритм қасиеттері. Алгоритмді беру түрлері. Блок-схема. Алгоритм типтері: сызықтық, тармақталған, циклдік. Көмекші алгоритм ұғымы. Есептерді шешу кезеңдері: есептің қойылуы, алгоритм, әдіс, математикалық модель, программа, нәтижені талдау. Қадамдарға бөлу әдісі. Программалау тілі. Тілдің алфавиті. Алгоритмді программалау тілінде жазу ережесі. Программалау жүйесінің мүмкіндіктерін үйрену. Программа ұғымы және оның құрылымы. Мәліметтер типі ұғымы, Мәліметтердің стандартты типі. Айнымалы ұғымы. Негізгі сипаттамалар: аты, типі, мәні. Өрнек ұғымы. Өрнектерде түрлі типтерді қолдану. Меншіктеу операторы. Сандық функцияар. Мәіметтерді енгізу мен шығаруды ұйымдастыру. Сызықтық алгоритмдерді программалау. Шарттарды ұйымдастыру операторлары. Шарттық операторлар. Циклдік алгоритмдерді программалау. Цикл түрлері. Циклді ұйымдастыру операторары. Графикалық режим. Экранның координаттық жазықтығы. Графикалық операторлар. Графикалық нысандарды программалау. Символдық операторлар. Массив ұғымы мен мәні. Элементтер типі, өлшемі, индекстері. Бір және екіөлшемді массивтермен жұмыс істеу.

Телекоммуникация (4 сағат)

Компьютерік байланыстардың негізгі түрлері. Жергілікті желілерді құру, жұмысты ұйымдастыру, программалық қамтамасыз ету. Ауқымды ақпараттық желілер. Интернет. Электрондық пошта. Интернетте ақпараттарды іздеу. Электрондық поштамен хабарламаны қабылдау және оны тарату.

III. СЫНЫП БОЙЫНША ОҚУШЫЛАРДЫҢ БІЛІМІ, БІЛІГІ ЖӘНЕ ДАҒДЫСЫНА ҚОЙЫЛАТЫН ТАЛАПТАР:

7-сынып оқушылары:

Нені білу керек:

– адамның іс-әрекетінде, табиғатта, қоғамда, техникада ақпаратты тасымалдау, сақтау және өңдеуге өмірдегі қарапайым мысалдар келтіру;
– ақпаратты өлшеу бірліктерін;
– ақпаратты кодтау әдістерін;
– компьютер негізгі құрығыларының мәнін;
– программалық жабдықтың топтамасы мен сипаттамасын;
– операциялық жүйенің мәнін және қызметін;
– программаларды іске қосуды;
– файл мен файлдық жүйенің мәнін;
– файлдарды ашу және сақтау тәсілдерін;
– стандарттық программалардың мәнін;
– мәтіндік және графикалық редакторлардың тағайындалуы және қызметтерін;
– мәтіндік редакторлардың мүмкіндіктерін;
– электрондық пошта ұғымын;
– Интернет мүмкіндіктерін.

Нені меңгеру керек:

– ақпаратты өлшеуді;
– ақпаратты әр түрлі тәсілдермен кодтауды;
– компьютердің негізгі құралдарын қолдануды;
– файлдармен жұмыс істеуді;
– файлдарды құру, сақтау, көшіру, атын ауыстыру, іздеу, жоюды;
– компьютердің стандартты графикалық интерфейсін қолдануды;
– терезелердің өлшемдерін өзгерту, орындарын ауыстыру, сұхбат терезелеріне көңіл аударуды;
– графикалық редакторларды сурет салу мен өңдеу үшін қолдануды;
– мәтіндік ақпаратты өңдеу мен пішімдеуді;
– мәтінге әр түрлі нысандарды енгізуді;
– дыбысты, бейнені, анимацияны орындай алатын программаларды қолдануды;
– Интернет желісінен ақпаратты іздеуді;
– электронды пошта арқылы ақпараттарды жіберу және қабылдауды.

8-сынып оқушылары:

Нені білу керек:

 мәтіндік, сандық, графикалық және дыбыстық ақпараттарды кодтау тәсілдерін;
 санау жүйелерінің типтерін;
 екілік санау жүйесінде арифметикалық амалдардың орындалу ережелерін;
 негізгі логикалық амалдардың ақиқаттық кестесін;
 сервистік программалық жабдықтың мәнін;
 программа мен мәліметтерді қорғау тәсідерін;
 мәтіндік редактордың мәнін;
 электрондық кесте ұғымын;
 электрондық кестеде әр түрлі типті мәліметтер мен формулаларды жазу ережесін;
 диаграмманы құру тәсілдерін;
 мәліметтер қоры ұғымын;
 мәліметтер құру кезеңдерін;
 ақпаратты кесте түрінде беруді.

Нені меңгеру керек:

 сандарды бір санау жүйесінен екінші санау жүйесіне ауыстыруды;
 екілік санау жүйесінде арифметикалық амалдарды орындауды;
 логикалық өрнектерді есептеу, ықшамдау, түрлендіруді;
 мәтіндік, сандық, графикалық және дыбыстық ақпараттарды кодтауды;
 программалық қамтамасыз етуді сипаттауды;
 перифериялық құрылғыларды қолдануды;
 мәтіндік ақпараттарды форматтауды;
 мәтінге түрлі нысандарды енгізуді;
 электрондық кестеге әр түрлі типті мәліметтерді енгізуді және өңдеуді;
 берілген адрестер мен кілттік сөздер бойынша ақпаратты іздеуді;
 файлдарды құру, сақтау, көшіру, атын ауыстыру, іздеу, жоюды;
 электрондық кестеде мәліметтерді іздеуді және сұрыптауды іске асыруды;
 әр түрлі диаграммалар құруды;
 кесте түріндегі ақпараттарды өңдеуді.

9-сынып оқушылары:

Нені білу керек:

 модель және модельдеу ұғымдарын;
 модельді беру тәсілдерін;
 негізгі басқару құрылымдарын (сызықтық, тармақталған, циклдік);
 алгоритмді жазудың әр түрлі тәсілдерін беруді;
 сызықтық және тармақталған алгоритмдерді;
 программалау технологиясы мен әдістерін;
 тілдің негізгі құрылымы, операторлары мен командаларды;
 бір өлшемді массив ұғымы;
 екі өлшемді массив ұғымы.

нені меңгеру керек:

 модельді нысаннан ажырата білуді;
 модельдің түрлерін анықтауды;
 модельді әр түрлі формада беруді;
 есеп шығаруда модельдеудің негізгі кезеңдерін, әдістерін қолдануды;
 қарапайым ақпараттық модельді құруды;
 сызықтық, тармақталған және циклдік алгоритмдік есептерді шешуді;
 программалау тілінің негізгі құрылымы мен стандартты операторларын қолдануды;
 циклдік алгоритмдеуді программалау;
 бір және екіөлшемді массивтерді өңдеу программаларын құруды;
 символдық өңдеу алгоритмдерін программалауды;
 электрондық поштамен ақпараттарды жіберуді және қабыдауды.

IV. ОҚЫТУДЫҢ ӘДІСТЕМЕЛІК ЖҮЙЕСІНІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

«Информатика» оқу пәнінің мазмұны оқушылардың ақпараттық мәдениетін қалыптастыруға сәйкес құрылады.

Курстың теориялық бөлімі ақпараттық процестен ақпараттық технологияларға (ақпараттық процестердің орындалуын жүзеге асыратын алгоритмдерді құру, кез келген ақпаратты екілік кодтау түрінде көрсету мүмкіндіктері және т.б.) өту шартын ашуды негізге ала отырып құрылған.

Курстың практикалық бөлімі оқушылардың ақпараттық сауаттылығын қалыптастыру ғана емес, басқа да оқу пәндерін меңгеру тиімділігін жоғарылату, сонымен қатар пәнаралық, жалпы оқу біліктіліктерін қалыптастыруға қажетті ақпараттық технология құралдарын пайдалану дағдыларын меңгеруіне бағытталады. Осыған байланысты материалды оқып-үйрену реті бүкіл оқу үдерісінің тиімділігін және оқу сапасын жоғарылату үшін оқушыларға маңызды міндеттерді шешуді қамтамасыз ететін ақпараттық технологиялардың мүмкіндігін кеңінен қолдана алатындай етіп құрылған. Мысалы, «ақпарат» ұғымы ең алдымен технологиялық ортаға қатыссыз енгізіледі, алайда бейне мен дыбысты жазу бірден практикалық жұмыста бекітіледі. Содан кейін ақпаратты компьютерде өңдеудің практикалық мәселелері қарастырылады, оқушылардың әр түрлі ақпараттық объектілерді жайлы түсініктері толықтырыла түседі. Мұнда ақпараттық объект ұғымы оқушыларға алдағы уақытта кездесетін әр түрлі объектілер: мәтін, дыбыс, бейне және т.б. үшін жалпылау ретінде пайдаланылады.

Негізгі мектептің информатика курсының теориялық және практикалық мазмұны 50-де 50 пайыздық қатынасы бойынша құрылған. Информатика сабағын өткізу барысында 20 минут теориялық бөлімге, ал 25 минут практикалық бөлімге бөлініп, оқытылады. Осыған орай компьютерлік сыныптағы компьютерлер санына байланысты сыныпты 2 топқа бөліп оқыту қажет.

Мәтіндік және графикалық ақпараттарды өңдеудің ақпараттық технологияларымен танысқаннан кейін, информатиканың тағы бір маңызды ұғымы – модельдеу қарастырылады. Бұл кезеңге дейін оқушылар бізді қоршаған әлемді модельдеудің көрінісі мен сипаттаудың жалпы идеяларын меңгеруге жеткілікті түрде дайын болады.

Қазіргі заманғы информатиканың негізгі теориялық ұғымы – алгоритм мазмұндық ұғым ретінде енгізіледі. Алгоритмдерді жазу үшін блок-схемалардың және құрылымдық программалаудың формальді тілдері пайдаланылады.

Курстың соңғы бөлімдерінде ақпараттық-коммуникациялық технологиялары және АКТ-ны қолдану арқылы ұжымдық жобалық іс-әрекет технологиялары игеріледі.

Курс қоршаған ортадағы ақпаратты қабылдай алу біліктіліктерін қалыптастыруға бағытталған: іздеу, талдау, сыни тұрғыдан бағалау, ақпаратты сұрыптау; ақпаратты ұйымдастыру; ақпаратты тасымалдау; объектілер мен процестерді жобалау, өз іс-әрекетін жоспарлау; жоспарларды құру, жүзеге асыру және оған түзету енгізу.

Әдіснамалық тұрғыдан оқыту үдерісінде мына жағдайларға көңіл бөлінуі керек.

Информатиканың маңызды ұғымдарының бірі - ақпараттық модель ұғымы болып табылады. Ақпаратпен жұмыс істеген кезде біз дайын ақпараттық модельдермен жұмыс істейміз (оларды бақылаушы ролінде боламыз) немесе ақпараттық модельдерді өзіміз құрамыз. Компьютердегі кез келген процесті ақпараттық модельдеуді құрусыз және зерттеусіз оқыту мүмкін емес.

Модельдеудің іс-әрекеттік сипатын атап өту маңызды. Ақпараттық модельдеу информатиканың зерттеу объектісі ғана емес, танымдық, оқу және практикалық іс-әрекеттің маңызды тәсілі болып та табылады. Сонымен қатар, оны ғылыми зерттеу және іс-әрекеттің өзіндік әдісі ретінде қарастыруға болады.

Мектеп информатика курсының теориялық және практикалық компонеттерінің мазмұны елуде елу пайыздық қатысында құрылған. Практикалық жұмыстарды орындағанда басқа пәндік аумақтардың өзекті мазмұндық материалдары мен тапсырмаларын қолданған дұрыс. Әдетте, мұндай жұмыстар бірнеше оқу сағаттарына есептелінеді. Практикалық жұмыстың бір бөлігі (ең алдымен ақпараттық және коммуникациялық технология құралдарын қолдануды талап етпейтін дайындық кезеңі) оқушылардың үй тапсырмаларына, жобалық іс-әрекетіне енгізілуі мүмкін; жұмыс бірнеше бөлікке бөлініп, бірнеше апта бойы іске асырылуы мүмкін. Жұмыс көлемі мектеп компонентін және басқа пәндермен сабақтастықты қолдану есебінен ұлғайтылуы мүмкін.

Тұлғаға-бағдарланған білім берудің негізі Информатика пәнін оқытудың сапасын дамыту болып табылады. МЖС ЖОБ-да айтылғандай, оқушыларға жалпы білім беру және тәрбиелеу сапасын жетілдіру маңыздылығы мен оған қойылатын талаптарға толығымен сәйкес келеді.

Жалпы білім беретін мектепте информатиканы оқытуды «спираль» бойынша ұйымдастырған абзал: барлық оқытылатын тақырыптар ұғымдарымен алғашқы танысу, содан кейін оқытудың келесі сатысында бұл модульдердің мәселелерін осы модульге қатысты жаңа ұғымдарды енгізе отырып, нақты түрде сапа жағынан жаңа негізде оқып үйрену және т.б. Мұндай «спираль орамдарының» саны нақты мектептегі информатика пәніне берілетін оқу сағаттарының санына байланысты екі немесе үшеу болуы мүмкін. Жоғарғы мектептің базалық деңгейінде бұл негізгі мектептің информатика курсының негізгі мазмұндық желілерін жан-жақты анағұрлым тереңірек оқып үйренуге жағдай жасайды, екінші жағынан бұл оқытудың нақты кәсібилендірілуіне мүмкіндік ашады.

«Компьютер - ақпаратты өңдеу құралы» тақырыбын ашуда оқушылар информатиканың іргелі ұғымдары аумағы бойынша өз білімдерін тереңдетеді және жүйелейді.

Оқыту АКТ-мен толық жабдықталған жағдайда, яғни компьютерлерден өзге әр түрлі перифериялық құрылғылары бар, соның ішінде процестерді визуализациялау, компьютерді басқаратын әр түрлі құрылғылары оқыту бар ортада жүзеге асатын болса, онда оқытудың тиімділігі артады. Бұл бөлімнің мазмұны инварианттықтың жоғары дәрежесіне ие. Есепті шығару негізінде, соның ішінде алгоритмдік тілдерді қолдану арқылы жүйелік және алгоритмдік ойлаудың дамуы жалғасады. Бұл іс-әрекеттің тікелей жалғасы практикалық жұмыс болып табылады.

«Ақпараттық модельдеу» тақырыбын оқып игеру табиғаты әр түрлі жүйелерде (физикалық, техникалық және т.б.) басқару модельдерін сипаттау және құру біліктіліктерін қалыптастыруға, модельдер мен модельдеуші программаларды пайдалануға бағытталады.

Оқу бағдарламасында оқушыларды ақпараттық орта құру бойынша ақпараттық саясатты жүргізу қажеттілігіне, сонымен қатар адамзаттың орнықты дамуын және «өмір бойы білім алу» мәселелерін шешу қажеттіліктеріне сендіретін оқытудың іс-әрекеттік және құзырлылық көзқарастары ерекше орын алады.

Аталған пәнді оқып-үйрену келесі біліктіліктердің одан әрі дамуына ықпал етеді:

- ақпаратты жүйелі түрде талдау,
- әр түрлі дерек көздерінен ақпарат іздеу,
- өз ойлары мен көзқарастарын жеткізе білу,
- модельдеу,
- болжау,
- өзіндік және ұжымдық іс-әрекеттерді ұйымдастыру.

Қазақстанның ақпараттық қоғамының дамуымен мектеп информатика пәнінің мазмұнына келесі ұғымдар мен терминдер енгізілді: ақпарат, ақпараттық процестер, ақпараттық модельдеу, ақпараттық мәдениет, ақпараттық ресурстар, алгоритм, атқарушы, программа, операциялық жүйе, программалық жабдық, аппараттық жабдық, ақпараттық-коммуникациялық технология және т.б.

Мектеп информатикасының курсы ақпараттың алғашқы ұғымынан адамның табиғатпен өзара қатысы туралы білімдерін біріктіретін оқытушылардың ақпараттық мәдениетін қалыптастыратын курсқа айналады.

Оқу материалының практикалық жұмыстары ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың көмегімен бағалау, болжау, түсіндіру, сипаттау, анықтау, атау және көрсету біліктіліктерін қалыптастыруға бағытталған, яғни жеке курс шеңберінде күтілетін нәтижелерге жетуге жағдай жасайды. Мұнда курстан курсқа өткенде бағалау мен болжауға берілетін тапсырмалардың саны ұлғая береді, ал соңғы кезеңінде мұндай типті практикалық жұмыстардың сандық үлесі үстем болады.

Практикалық жұмыс жүйесі оқушының негізгі теориялар мен біліктіліктерді, процестер мен құбылыстарды, ақпарат туралы білімдерін информатиканың ғылыми тұрғыда берілетін информатика курсының мазмұнымен үйлестіре білуге мүмкіндік береді.

Оқу бағдарламасы информатика бойынша әсіресе ақпараттық процестер, құбылыстарды оқытуда және информатикадағы пәнаралық байланыс білім мазмұнын тереңдетуге көмектеседі. Информатиканы оқу жүйесінің маңызды құраушысы оқушылардың оқу үдерісін түйсінуінің қажеттілігі болып табылады.

Ұқсас тақырыптар:

2 пікір »

Оставьте комментарий

Добавьте комментарий ниже или обратную ссылку со своего сайта. Вы можете также подписаться на эти комментарии по RSS.

Всего хорошего. Не мусорите. Будьте в топе. Не спамьте.

Вы можете использовать коды HTML:
<a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>

На сайте используются Gravatar. Чтобы его получить зарегистрируйтесь Gravatar.