Аққулар ұйықтағанда
Азғалиева Амангүл Құттыбаевна. Орал қаласы, инженерлік – технологиялық колледжі, Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы,
Қатысушылар:
- Бала
- Әке
- Ана
- Тәуіп шал
- Жылқышы қарт
- Ауыл адамдары
- Аққу – биші қыздар
- Автор
Автор:
Өзен де жоқ, сыймаған арнасына,
Жылға да жоқ даламен жалғасуға
Таста тұнған жаңбырдың тамшысындай,
Қалай біткен мына көл тау басына?
Ортаймаған «Жетім көл» толмаған да,
Болған өмір ұқсайды болмағанға
Сызат та жоқ, бетінде сызық та жоқ,
Айдынына аққуы қонбаған ба?
Беу, дүние-ай, аққулар оралғанда,
Айдын көлдің иесі жол алғанда
Жетісіп бір «Жетім көл» қалушы еді-ау,
Тынушы еді-ау, теңселген қара орманда.
Таянғанда аққулар қонар маңға,
Басушы еді-ау, байызын бар арман да.
Сүйінші бер дегендей бір толықсып,
Сыбырлайтын «Жетім көл» Алатауға
Әлдилеп ақ төсінде бермей тыным,
Ақ айдын ақ мүсінін тербейтұғын.
Бұл көлге мылтық атқан саятшы емес,
Тірі жан аяқбасып келмейтұғын…
Аққулар оралмайды осы маңға,
Жылдар өтті, байғұстар шошыған ба?
«Жетім көл» жетімсіреп қала берді,
Арман-ай, аққуымен қосылар ма?
1-көрініс
Сахнада қазақы үйдің іші, жасау-жабдық. Төсекте ауырып, қызуы көтеріліп сандырақтаған бала. Басында аһлап-үһлеп есі шыкқан әке мен ана.
—Жаңағы бақсы шал да кешікті-ау! Кұдай-ай енді қайттік?
Сорлы балам-ай…
—Я құдай, бақсы ата келді, мінекей, өзі де келді.
Бақсы келеді (әлем-жәлем киінген, басында қауырсын қадаған, сылдырмағы көп, ақ таяғы бар).
Бақсы: (тамырын ұстап) — Апыр-ай мына баланың ауруы қатты-ғой! Жын! Жын! Жын қамап тұр екен. Алдымен жынды қуу керек! Алла-ай хақ! Мен дем салайын.
Жерден болды ма?
Көктен болды ма?
Күннен болды ма?
Көлден болды ма?
Судан болды ма?
Жаман тілден болды ма?
Жаман көзден болды ма?
Күнбатыстан күншығыска көш!
Күншығыстан күнбатыскакөш! Көш.. Көш.. —-деп баланы шыр көбелек айналып, қиқу сап, таяғымен жерді тоқылдатып жүгіріп, ақыры «уһ!» деп шалқасынан кұлайды.
Біраз жатып басын көтереді де:
— Бұл баланы аққумен аластау керек! Аурудың иесі сол екен.
Өлген аққумен ұшықтау керек боп тұр! Ертеңге дейін қалайда аққу табыңдар! Әйтпесе баладан айырыласың. Мен қайтып келемін.
(бақсы шығып кетеді).
Ана: — Жаңағы тәуіп-бақсы не деп кетті? Әлде өтірік, әлде шын демеп кетті. Аққуменен баланы аластандар деді дағы жайына жөнеп кетті…
(Күйеуіне қарап) Тұрсаңшы, таяу қалды таң атуға, неткен жансың санасыз жаратылған!? Жаңағы бақсы шалдың сөзі, ұмытылып кетті ме санатыңнан? «Айналайын аққудың қанатынан, қайтеміз, ол да адамға бола туған. «Жетім көлге» барып қайт таң жамылып, таң атқанша қалайда тауға ілік. Біреулердің көзіне түсіп қалма, дүрліктірме, әйтеуір, салма бүлік.
Әке: — Апыр-ай, қалай барам, қалай барам?!
Атармын аққу құсты қалай ғана?!
Айдынның аққулары ұйықтағанда,
Өрген мал, өскен шырша абайлаған,
Барлығы қасиетке карайлаған,
Оқ атам қасиетке калай ғана?!
Бармаймын, бара алмаймын, қалай барам?!
Ана: — Жалғыз ұлдан артық па, жалған бәрі!
Балам өлсе, бакыттың керегі не?!
Топан су басып кетсін қалғандарын.
Перзент сұрап, несіне армандайсың?!
Құрысын онсыз сенің жанған бағың!
Мылтықты әкел!
Атты ертте?
Жалған бәрі!
Ана жинала бастайды.
(Сахна жабылады).
2-көрініс
Сахна ашылады.
Сахна «Жетім көл» бейнеленген картина. Ол арада екі акқу-кыз калықтап тербетіліп жүр. Бір бұрышта, қолында мылтығы бар ана бас бұғып, аққуларға тамсана қарауда.
Автор:
— Оятып дүниені дел-сал қылып,
Тамыздың таңы да атты тамсандырып.
Таудағы тіршілікке тамсандырып, бұлбұлға дүниеге жар салдырып,
Қысқа таң.
Бұлбұл үні
Көл бетінде,
Аққулар жүзуде әне тербетіле.
Бас бағып жағада отыр жалғыз ана,
Таңданып тәкәппар құс келбетіне.
Аққулар!
Аққу — мойын, сүмбе-қанат,
Алаңсыз тарануда күнге қарап.
Айдынның еркелері білмей тұрмын
Етермін тағдырынды кімге аманат?!
Ақ қанатын сабалап, асыр салып,
Ойнасыншы, ойнасын ерке құстар,
Тыныштығын олардың қашырмалық,
Би «Аққу».
Осы кезде «Аққу» күйі ойналады да, аққу боп қыздар билейді. Би аяқтала бергенде, ананың қолындағы кезене берген мылтық атылады. Аққу жерге қансырап құлап, екінші сыңары оны айнала жүгіріп, сахнаның бұрыш-бұрышына барып, ананың карсы алдына келіп біраз тұрып, ұшып кетеді. Ана оған қолын созған күйі кұлайды. (Осы көріністер қойылып жатқанда үзіліссіз зарлы қобыз үніне қайғылы күй сұңкылдап ойналып жатады).
Осы кезде сахнаның бір бұрышынан қолында ұзын кұрығы бар жылқышы ата шығады.
Жылқышы:
Апыр-ай, бұл кім болды, таң сәріде,
Көргенсіз көл басында мылтық атқан?
Құстардың зәре-құтын шырқыратқан,
Нағылған қаныпезер құлқы қаткан?!
Бұл маңның адамы емес, сірә дағы,
Білейін, табайын да бір амалын.
Қаруы бар кәззапқа құрықпенен,
Ұмтылса, қалай кайрат қыла аламын! ?
Жөн болар алас тұрып сұрағаным…
Ей, кімсің? Тірісің бе?
Жаның бар ма?
Аққуды неге атасын, арың бар ма?
Басыңды көтер дағы, келгін бері,
Келгін бері, кеудеңде жаның барда!
(Әйел сүйретіліп орнынан тұрып, қартқа қарай бір-екі аттап басып, тоқтайды).
Әйел: — Кешір ата!
Адам емес, мен енді жай тулақпын,
Жемісіне тас аттым гәкку-бақтың.
Жалғыз ұлым ауырып, амалсыздан,
Тәуіптің айтуымен аққуды аттым!
Жылқышы: — Әй, балам!..
Болмады ғой, болмады ғой…
Қасиет кетті көлден, сорлады ғой.
Тәуіптің айтқанының бәрі өтірік,
Атқа мін, ауылға қайт, олжаны қой?
Соңы.
Ұқсас тақырыптар:
- АШЫҚ САБАҚ Тақырыбы: «Есеп берумен жұмыс жасау және оны құру»
- Мәдениеттану. Әлемдік мәдениеттер мен өркениеттер
- Құжаттарды топтастыру, құжатқа қойылатын талаптар (колледж).
- English: “THE FUTURE OF CYBERSPACE”
- Ш. Мұртазаның «Қара маржан» романы.
- Информатика-10. Visual Basic-те есептер шығару
- Қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында сын тұрғысынан ойлау технологиясының тиімділігі
- Асыл сөз (сыныптан тыс).
- «Қазақ әдебиетін оқытуда жаңа технологияларды қолдану әдістемесі»
- Сайс: «Тапқыр достар»