Баяндама. Дарынды оқушыларды анықтау және дамыту ерекшеліктері.
Нұрсаған Нажетханов, жоғары санатты тарих пәнінің мұғалімі. Жамбыл облысы, Шу қаласы, “Жібек Жолы” мектеп-лицейі.
Жамбыл облысы, Шу адуандық тамыз конференциясы – 2010
Еліміз тәуелсіз даму жолына түскен сәттен бастап, қоғамда болып жатқан құбылыстар білім беру мазмұнына елеулі өзгерістер әкелді. Оқушыны жеке тұлға ретінде жан-жақты дамыту күннің көкейкесті мәселесі. Оның маңызды факторы – баланың ақыл-ой әрекетінің тәсілдерін қалыптастыратын оқу барысын жолға қою. Қазіргі білім беру саласындағы күрделі міндеттердің бірі – қабілеті жоғары, дарынды оқушыларды анықтап, оларға қолдау жасау арқылы Қазақстан Республикасының интелектуалды потенциалын қалыптастыруға үлес қосу. Бұл – қоғам мүддесінен туындап отырған әлеуметтік сұраныс. Бұл сұраныс педагогикалық және психологиялық үрдістер арқылы жүзеге асады. Орыс педагогикасының белгілі ғалымы П.Ф Каптерев өз еңбегінде былай деп жазады: «Педагогикалық үрдіс өзіне тән екі белгіні түйістіреді, олар: жеке тұлғаның дамуына жүйелі түрдегі көмек және оның жан-жақты жетілуі.»
«Әр оқушыны жан-жақты жетілдіру үшін оны жан-жақты зерттеу керек.» Бұл – ұлы педагог К.Д.Ушинскийдің тұжырымды ойы. Зерттеу арқылы әр тұлғаның бойындағы ерекше психологиялық қасиеттері айқындалады. Баланың психологиясы мен педагогикалық психология саласындағы зерттеулер арқылы оқыту ісінің мазмұны мен әдістерін өзгерте отырып, жекелеген психикалық процестер мен функцияларды дамыту жағынан жетістіктерге қол жеткізуге болады.
Баланың ақыл-ой әрекетінің тәсілдерін қалыптастыру мазмұнына мыналар кіреді: ғылыми ұғымдар мен ғылыми заңдылықтарды түсіну және практикалық міндеттерді шешуге бағытталған ойлаудың жалпы амал-тәсілдерін меңгеру. Ғалымдар дәлелдегендей, адамның өмірден меңгереген білімі мен дағдысын практикалық істерді төте және ең ыңғайлы жолдармен қолдана білу шеберлігі қабілеттілік деп аталады. Ал тамаша кәсіби ұстаздық кез-келген ерекше қабілетті оқушыны дарынға айналдыра алады. Адам бойындағы дарындылықты нағыз данышпандылықты нағыз данышпандыққа айналдырудың бір ғана шарты – табиғи талантпен шектеліп қалмай, табандылықпен еңбектену.
Дарындылық – табиғаттан берілетін ерекше қабілет. Өмір сүретін орта, берілетін білім мен тәрбие осы ерекше қабілеттің одан әрі дамуына көмектеседі немесе оны мүлде өшіреді. Дарындылық – көпқырлы. Ағылшын ғалымы Ж.Рензуллидің анықтамасы бойынша: «Дарындылық – бала бойындағы интелектуалдық қабілеттің , шығармашылық қабілеттің және табандылықтың болуы».
Дарындылықты анықтау – өте күрделі процесс. Ол дәрігерлік-психологиялық және педагогикалық шаралар арқылы жеке тұлғаның болашақтағы табыстарын үздіксіз бақылау маақсатында жүргізіледі. Дарынды оқушыларды анықтау үшін өзара тәуелді үш көрсеткішке назар аударылады. Олар: дарынды оқушының ішкі сезімі жағынан ерекшелігі, физикалық тұрғыдан ерекшелігі және әлеуметтік тұрғыдан ерекшелігі.
Дарынды оқушының ішкі сезімі жағынан өзгешелігі:
1. Дарынды оқушы толыққанды, аңғарлы болады.
2. Өзінің қабылдау мүмкіндігімен ерекшеленіп, өзін қоршаған ортаға өте сезімтал келеді. Ол бірнеше үрдісті қатар бақылап, қабылдауға бейім тұрады және оны белсенді түрде зерттеуге әуес болады.
3. Құбылыстар мен заттар арасындағы байланысты қабылдап, оған лайықты қорытынды жасай алады және оған өз қиялы арқылы балама жүйе жасауға қабілетті келеді.
4. Есте сақтау қабілеті жоғары болады.
5. Сөздік қоры мол, бұл оның не нәрсені еркін де нақты баяндауына мүмкіндік береді.
6. Логикалық ойлау қабілеті жоғары.
7. Табандылық басым.
8. Қиялы кең болады.
Физикалық тұрғыдан ерекшелігі:
1. Дамудағы шапшаңдылық.
2. Дарынды оқушының бойында энергиясы мол болады, ол мөлшерден аз ұйықтайды.
3. Психомоторикасы танымдық қабілетіне қарағанда баяу болады. Мұндай интелектуалдық және физикалық дамудағы қарама-қайшылық өмірлік позициясына нұқсан келтірмеу жағдайында болу керек.
Әлеуметтік тұрғыдан ерекшелігі:
1. Дарынды бала әділетсіздікке төзімсіз болады.
2. Жоғары моральдық қасиеттерге ие.
3. Алдына қойған мақсатқа ұмтылу белсенділігі жоғары болады.
4. Өзіне өзгелердің және қоршаған әлеуметтік ортаның назар аударуын қалайды.
5. Жағдайларға байланысты іскерлік қатынасы мен өз басы қажеттілігі, үлкендерден қалыспау, әлдебір нәрсені бірдей атқаруға деген құштарлығы басым келеді.
Дарындылықты анықтаудағы назар аударатын осы басты ерекшеліктердің аясы бұдан да кең болуы мүмкін.
Дарындылықты анықтаудың 2 кезеңі бар. Оның 1-ші кезеңі – анимистикалық кезең. Бұл ата-ана мен мұғалім анықтаған, оқушының қандай да бір іс-әрекетке қабілеттілігі. Ол тесттер алу арқылы айқындалады. Дарынды оқушыны анықтау баланың даму динамикасымен
байланысты екенін практикалық зерттеу кезеңінде ескерген жөн. Сауалнама беттерін толтырудағы ата-аналардың өз балаларыныңқабілеттерін асыра бағалауы негізгі фактор емес, ол нақты жауапқа нұқсан келтрмейді.
Психология ғылымы қабілеттілікті жалпы, арнаулы, практикалық деп үшке бөледі. Қабілеттің бұл түрлері бірін-бірі жоймайды, қайта бір-біріне байланысты дамиды.
Жалпы қабілеттілік – жеке тұлғаның өз ойын жаңа мақсат, міндеттерді орындауға саналы түрде бағыттауы.
Арнаулы қабілеттілік – белгілі бір бағытта ерекше дағды таныта білуі.
Практикалық қабілеттілік – өмірден алған білімін шығармашылықпен пайдаланып, бір деңгейден екінші деңгейге көшірілу. Баланың бойындағы осы қабілеттерді ең әуелі ата-анасы байқайды.
Ерекше қабілеттер жиынтығы – дарындылықты анықтаудың 2-кезеңі:
Диагностикалық кезең. Бұл – педагогикалық және психологиялық тесттер мен түрлі әдістемелер арқылы жүргізіледі. Ол баланың психологиялық ерекшеліктері мен шығармашылық мүмкіншілігін бағалаумен сипатталады.
Дарындылық үш бағытта анықталады:
- интелектуалды дарындылық.
- шығармашылық дарындылық
- лидерлік дарындылық.
Интелектуалды дарындылық баланың ойының ұшқырлығымен ерекше есте сақтау қабілетімен, байқағыштығымен айқындалады. Интелектуалды дарындылығы бар бала қиналмай-ақ және талаптанып оқиды, өз ойын жүйелі жеткізе алады. Ол әр істе өз біліміне сенімді болады. Оны қиын тапсырмалар қызықтырады.
Шығармашылық дарындылық баланың өз қызығушылығы, өмірлік позициясымен айқындалады. Ол көбіне тәуелсіз, өзі әрекет жасайды және ісінің нәтижесін көре алады. Нақты жағдайлардың шешімін таба біледі, көркем өнер оқулары мен ойындарға бейім келеді.
Лидерлік дарындылыққа жаңа жағдайларға жылдам қалыптасу, өзге балалардың оны таңдауы, ойындар мен шараларды басқара алуы, үлкендермен және құрбыларымен қарым-қатынасқа оңай түсуі, жауапкершілік сезімнің басымдығы тән.
Бастауыш сыныптарда дарынды оқушыны анықтау мектептегі педагог –психологтардың басшылығымен жүзеге асады. Дарындылық бірінші кезеңде байқау, бақылау, әңгімелесу, сауалнамалар арқылы анықталады. Бұл анықтау келесі кезеңде педагогикалық-психологиялық диагностика арқылы нақтылан түседі. Психологиялық зерттеу жұмыстары арқылы әр баланың даралық қасиеті ескеріліп, оның дарындылығын ашу жас ерекшелігіне сай келетін анықтаулармен жүргізілуі қажет.
Көрнекті психолог Л.С.Выготский «баланың кешегі күнгі дамуына емес, ертеңгі күнгі дамуына қарау керек деп ескертеді». Бала дамуының дербестік, шығармашылық таным әрекеті, логикалық ойлау дәрежесі сияқты негізгі белгілерін біліп, жеке дара жұмыстар жүргізу арқылы белгілі бір нәтижелерге қол жеткізуге болады. Баланың оқуы мен психикалық дамуының бастапқы негіздері бастауыш сыныптарда қалыптасатындықтан, әр тұлғаның бойындағы қабілет, дарынды ашу арқылы оның мүмкіндігін дамыту керек.
Дарынды оқушылардың
1. Сөздік қоры мол
2. Есте қабілеті жоғары
3. Әділетті әзілқой
4. Қиыншылықтан қорықпайды
5. Танымдық қасиеті жоғары ерекшеліктерін анықтау.
Ұқсас тақырыптар:
- Баяндама: Ақпараттық технологиялар – тұлғаның әлеуметтенуі мен тәрбие құралы.
- Баяндама: Интеллектуалды ұлт қалыптастырудың өзекті мәселелері.
- Баяндама: «Ата-ана комитетінің жұмысы мен құқығы»
- Баяндама: Бала және отбасы.
- Өзгеріске бет бұрыс.
- Математика пәнін жаңаша оқытудың кейбір мәселелері.
- Мемлекеттік тілде оқытылатын бастауыш сынып оқушыларының оқу-танымдық қызметін оқу-әдістемелік кешенді пайдалану арқылы белсендендіру.
- Қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында сын тұрғысынан ойлау технологиясының тиімділігі
- Модульдік оқыту технологиясының тиімділігін интерактивті құрылғылар көмегімен арттыру
- 12 жылдық мектеп мұғалімнің кәсіби тұлғасы (баяндама).